Баланың бойындағы бар қасиеттің қалыптасуы жөргекте жатқаннан-ақ басталады. «Балам неге тұйық, неге ашылып сөйлеспейді?», «Баламның ылғи жолы болмайды», «Балам түк істемейді», – деп ата-ана ер жеткен баласына шағымданып жатады.
Дегенмен, оның бәрін қалыптастырған өздері екенін кеш ұғады. Балаларды бір нәрседен тыю үшін немесе оның жұмысы сәл өнімдірек болу үшін дауыс көтеретін әдет те бар. Бірақ, бала сіз айтқан сөздерді қалай қабылдайды? Улы, өткір немесе зиянды заттарды баланың қолы жететін аймақтан алып тастағандай, заманауи психолог мамандар сөздік қордан мына тіркестерді өшіріп тастауға кеңес береді.
«Қолыңнан түк келмейді, сендей баламның барына өкінемін».
Салдары: Жұрттың баласы деп жалпалама салыстыратын ата-ана бар, дәл сол жұрттың баласы кім екенін анық айтатын ата-ана да кездеседі: Мысалы, «Өзіңдей Арайлымды қарашы». Бұл бала бойында өзіне деген сенімділікті жойып, айналысын тек жек көруге мәжбүрлейді. Ол қызғаншақ бола түседі және өзін өзгелерден төмен сезінеді.
«Сені жаза күтіп тұр, әбден таяқ жейсің»
Салдары: Бала мен әке қарым-қатынасы әлсірейді. Бала әкеге қорыққандықтан бағынады және онымен ашылып сөйлесе алмайды. Соңғы уақытта әке мен баланың қарым-қатынасы жайлы жиі естиміз. Мұның бәрі бала кезден қалыптасқан қорқыныш сезімімен тікелей байланысты. Егер болашақта балаңыздың әкесімен қарым-қатынасына кедергі келтіргіңіз келмесе, бұл тіркесті мүлде ұмытқаныңыз дұрыс.
«Үйдегі мәселенің бәрі сенің кесірің».
Салдары: Мәселінің барлығына баланы кінәлауды қойыңыз. Саналы түрде болмаса да, мына сөзіңіздің өзі баланы кінәлі етіп тұрғандай. Мойындаңызшы, баланың кінәсі жоқ. Оның өмірге әкелуге өздеріңіз шешім қабылдадыңыздар және оның болашағын қалыптастыру үшін еңбек ету керектігін ұқтыңыздар. Ендеше, ақшаның жетіспеушілігін, үйде тамақтын жоқтығын, қыста жыртылып қалған аяқ киім үшін баланы сөккеніңіз қателік болар еді.
«Ақымақсың! Қолыңнан келмейді».
Салдары: Бала тек баға үшін оқитын болса, баға қою әдісі қолданыстан шыққан күні оның білімге деген құштары жоғалады. Одан бөлек, баланың ойында төрттік бағаға жек көрініш пайда болып, өмір бойы тек үздік болуға ұмтылады. Әрине, ұмтылыс – жақсы. Бірақ, өмірдің бәрі жеңістен тұрмайды ғой.
«Менің әр бұрыс қылығым анамның өмірін қысқартады».
Салдары: Ата-ана осылай өзінің эмоциялық әлсіздігін баладан көре бастайды. Бала өмір бақи әр іске өзің кінәлайтын болады. Бастапқы да қорқыныш болса, кейін бұл сөзге еті үйренген шақта құлағына да ілмейді. Ал, ата-ана ретінде сіздің қадір-қасиетіңіз кетеді.
Бұл тұрмыста саналы не санасыз түрде балаға айтылатын тіркестердің бір қатары. Болашақта баламен қарым-қатынасыңыздың берік болғанын, оның сізге сенгенін қаласаңыз кішкентай кезінен бастап оған айтылатын сөздерге мән беріңіз. Сіз айтқаныңызды ұмытып кетесіз. Бала ұмытпайды.
Дереккөз: massaget.kz