Жолда көлікте не автобуста жүрегіңіз айнып, құсқыңыз келеді ме? Бұл мәселені қалай шешуге болады?
Адамдардың көбі жолда кішкене болса да, басы айналып, жүрегі айныйды. Кейбіреулерде бұл дерт ұшақпен ұшқанда не кемемен жүзгенде ғана байқалса, басқалары автобус не көлікке отырған сәтте-ақ құсқысы келеді. Бұл адамның вестибулярлық аппаратына байланысты болады.
Сонымен жолды жеңілдетіп, жүрегіңіз айнымау үшін не істеуге болады?
Әрине ең бірінші кеңес көліктің өзіне байланысты болады. Мүмкіндігіңізше жаяу жүріп, көлік түрлерінен бас тартыңыз. Әрине қазіргі заманда жаяу жүріп, көлікті мүлдем қолданбау мүмкін емес. Сондықтан біздің кеңестерімізбен танысыңыз.
Көздің фокусын өзгертіп көріңіз
Көліктегі жүрек айнуға тек біздің вестибулярлық аппараттың жүйке рецепторлары ғана емес, сонымен қатар көру рецепторлары жауапты. Дененің үздіксіз шайқалуы мен көліктің жылдамдығының өзгеруіне көз алдындағы көріністің дереу ауысуы қосылып, жүрегіңіз айни бастайды.
Сондықтан көз алдыңызда ағып жатқан жолға көздің фокусын өзгертіп қараңыз, яғни көздеріңіз бұлдыр көретіндей қылыңыз. Осылайша сіз нақты объекттерді байқамай, терезе сыртындағы көріністі жалпы көресіз.
Оқымаңыз
Көбіміз ұзын жолды қысқарту үшін, жалықпау үшін жолда кітап оқимыз, телефондарымызбен ойындар ойнаймыз. Бірақ бұл жолда жүрегіңіз айнуға үлкен септігін тигізеді. Көлік сілкігенде қолыңыздағы кітап не телефон секіріп, көзіңізге жаман әсер береді. Ал жолға қарамай отырғаннан кейін, жолдағы әр бұрылыс пен төмпешік сіздің вестибулярлық аппаратыңыз үшін күтпеген болып, әсері екі есе тезірек байқалады.
Ортаны іздеңіз
Көлік не автобустан шығып кетуге болады, ал егер сіз кеме не ұшақпен саяхаттап жүрсеңіз, одан оңайлықпен шыға алмайсыз. Сондықтан басы айналып, құсқысы келіп тұрған адам ұшақтың иллюминаторына, көліктің терезесіне, кеменің бортының шетіне отырғысы келетіні түсінікті, осылайша ол көліктен шығып кеткендей сезінеді. Алайда көліктердің ең шайқалмайтын тұрақты жері – ортасы. Сондықтан көлікке отырып, бірден ортаңғы жерді іздеңіз.
Тамырдың соғуы
Білектегі тамырдың соғуын өлшейтін жерді бәріміз білеміз. Сол жерлерді айналдыра отырып уқалаңыз. Тағы бір сондай «сиқырлы нүкте» құлақтың артында, астыңғы жақ сүйегінің маңында бар. Бұл нүктені уқаламай, оған басып тұру керек.
Дәрі ішіңіз
Жолда жүрек айнымау үшін біршама түрлі дәрілер бар, егер сіз үшін жол нағыз тозаққа айналса, дәрілерге жүгінуге тура келеді. Бонин, драмин сынды дәрілер біздің кейбір рецепторларымызды тежеп, вестибулярлы аппараттың хабарламасын орталық жүйке жүйесіне жеткізуге мүмкіндік бермейді, нәтижесінде басыңыздың айналғаны басылады. Бұл дәрілерді жолға шыққанда жарты сағат қалғанда ішіп алған дұрыс, бірақ олар ұйқыны келтіре алатынын біліңіз.
Дереккөз: massaget.kz