Көз – адам бойындағы өте нәзік ағза. Біз кейде жанымыздың айнасы жанарымызды күту туралы ойлануды да ұмытып кетеміз. Ал көздің күтімі жайлы кеш ойланғанда тіптен қиын болуы мүмкін.
Көздің көру қабілетінің төмендеуі кез келген жан үшін өкініш. Көпшілігіміз күн сайын көзімізге көп күш саламыз. Қос жанардың сау әрі өткір болуына аса бір қиын күтім де керек емес, бар болғаны қарапайым бірнеше ережені сақтасаңыз жеткілікті. Ол үшін біз айтқалы отырған әдеттерден аулақ болғаныңыз абзал.
1. Кітапты жатып оқу
Көбіміз кітапты жатып оқығанды ұнатамыз. Оның көзге зиян екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Кітапты жатып оқу кезінде көздің бұлшықетіне көп салмақ түседі, ал бұл өз кезегінде көздің алыстағы заттарды нашар көруіне әкеліп соғады.
2. Линзаны шешпей ұйықтау
Линзамен ұйықтау – көзге аса зиянды. Тіпті арнайы түнгі уақытқа арналған линзалардың өзі көздің мүйізгек қабығының оттегімен қамтамасыз етілуіне кедергі келтіреді. Мұның түрлі жұқпалы сырқаттар тудыруы әбден мүмкін. Дәрігерлер күндіз де бір ауық линзаны шешіп, көзді демалдыруға кеңес береді.
3. Дәрігерге бармау немесе емдеу шараларын кейінгі шегеру
Көзді жылына бір рет болсын тексертіп тұру керек. Көру қабілеті адамның жасы ұлғайған сайын нашарлауы мүмкін. Қазіргі таңдағы экологиялық жағдайда бұл қауіп одан сайын күшейе түсуде. Мұны әсіресе компьютер алдында жұмыс жасайтындар қаперіне алғаны абзал.
4. Үнемі жылы жерде отыру
Сауда орталықтары немесе кеңсе ішіндегі ауа температурасы көзге зиян болуы мүмкін. Бұған себеп — ол жердегі ауаның тым құрғақ болуы. Қыс мезгілінде үй ішінде осы жағдай бәріміздің басымыздан өтеді. Жылыту жүйесінің іске қосылуынан көз қабыршығының қорғаныш қабатындағы сұйықтық буға айналып кетеді. Сондықтан ара-арасында далаға шығып, күн жылынса бөлмені желдетіп тұрған дұрыс.
5. Көзілдірікті елемеу
Күн көзінен қорғайтын көзілдіріктер тіпті, қыста да қажет. Иә, қытымыр аяз, тоңазыған суық болса да. Қарға шағылысқан күн сәулесі екі есе қауіпті, және көздің қабыршығын күйдіріп жіберуі де мүмкін.
6. Темекі тарту
Дәрігерлер темекі тарту өкпеге ғана залалын тигізіп қоймай, көру қабілетіне де зиянды әсер тигізетінін анықтаған. Шылым шегу сары дақтардың дегенерациялану қаупіне ұшыратады, осы себептен көздің көру қабілеті мүлде нашарлауы мүмкін.
7. Серуенге шықпау
Күн сайын серуендеуге тырысыңыз. Офтольмолог мамандардың зерттеулері нәтижесінде алыстан нашар көретін адамдардың барлығы дерлік үнемі үйден шықпайтын жандар екен. Сондықтан ерінбеңіз, далаға шығып, серуендеп қайтыңыз.
Дереккөз: massaget.kz