Күздің басты трендтері

0 6

Заманауи сән көрсетілімдері мен топтамалары өзіндік марафонға айналды. Дизайнерлер мен киімдер көбейе түсті. Әр мерзімде қандай да бір басты үш тенденцияны бөліп айту мүмкін емес. Бір қарағанда бәрі сәнге айналғандай көрінеді. Сондықтан да дұрыс әрі саналы сауда жасай білу маңызды.

Ең бастысы, жаныңызға жақын киімді таңдау керек. Стилистер классикалық сарғыш тренч сәнде болады дейді, ал сізге қоңыр плащ ұнайды. Не істеу керек? Әрине, біз өзіңіз ұнататын киімді таңдауға кеңес береміз.

Дизайнерлердің күз 2019-2020 топтамасында жиі кездескен басты трендтерді ұсынамыз. Олардың ішінен өзіңізге ұнайтыны болса, жаңа киім аларда ескеріп, өз стиліңізге бейімдеуге болады. Кең иықты киімдер Кең иықты пиджактар мен көйлектер 80-жылдары сәнде болды. Естеріңізде болса, аналарыңыздың киімінде міндетті түрде иыққа арналған жапсырма болатын. Қазір де кең иық дизайнерлердің нысанына айналды. Жалпы 2019 жыл шалбарлы пиджактың кең тараған уақыты болды. Көктем-жаз мерзімінде де кең иықты пиджактар жиі кездесті. Ал күз-қыс мерзіміндегі топтамада тек пиджактар емес, сонымен қатар кең иықты көйлектер, пальтолар және тренчтер де бар. Кең иықты көйлектерді, әсіресе, мерекелік кештерге таңдаған дұрыс. Себебі, мұндай көйлек көзге бірден түседі әрі өте ерекше көрінеді.

Жасанды тон Соңғы кездері эко-бағдарға деген тренд кеңінен таралып жатыр. Оны ең атақты сән үйлері де қолдауда. Жасанды тондар былтыр қыста сән көрсетілімдерінен көрініп, халық арасына бірден тарап кеткен болатын. Былтыр дизайнерлер біртүсті жасанды тондар ұсынды, ал биыл біртүстімен қатар суреттері мен принттері бар түрлерін де кездестіруге болады.

Жасанды тордың бағасы да қолжетімді болып келеді. Түрлі-түсті және қара былғары Соңғы бірнеше жыл қатарынан сұраныста келе жатқан материал – былғары. Күз-қыс 2019-2020 топтамаларында түрлі түсті былғарыдан тігілген киімдер жиі кездесті. Оның ең сәнді түстеріне қою жасыл, қою қызыл және баклажан реңктері жатады. Алайда қара былғары оның басқа түстерін басып озды. Қара былғарыны барлық дизайнерлердің топтамаларынан және атақты сәнқой жұлдыздардан кездестіруге болады. Тіпті, бастан аяққа дейін қара былғарыдан киінуге болады. Жазда «Матрица» фильміндегідей көзілдіріктер сәнде болса, енді сол фильмдегі қара былғары киімдер де сәнге қайта оралды.

Аргайл торы Шотланд мәдениетіне жататын аргайл торы жаңа мерзімде трендтің біріне айналып отыр. Биыл дүкен сөрелерінен аргайл торы бар жемпірлерді жиі кездестіресіз. Мұндай жемпірлер жайлы, жылы және өте ыңғайлы болып келеді. Оны күнделікті киім үлгісімен де, кеңсе киімімен де киюге болады. Аргайл торы бар киімді басқа киімдермен үйлестіру оңайға соғады. Сырып тігілген киімдер Сырып тігілген ыңғайлы пальтолар мен күрткелер қайтадан сәнге келеді. Дизайнерлер, тіпті, сырып тігілген белдемшелер мен көйлектер де ұсынды.

Камуфляж Бізге бұрыннан таныс камуфляж принті бар бомберлер мен күрткелер сән көрсетілімдерінен жиі кездесті. Бұл принт трендтер тізіміне ене бермейді, бірақ биылғы күз-қыс мерзімінде ол өте жиі кездесті. Камуфляж принті кең тұратын қысқа күрткелер мен ұзын плащтарда өте әдемі көрінеді. Кей дизайнерлер осындай принті бар шарфтар мен аяқ киімдер де ұсынды.

Миди ұзындықтағы трикотаж көйлектер Соңғы жылдары қысқа белдемшелер мен көйлектер жайлап артта қалып, оның орнын миди және макси ұзындықтағы киімдер басып жатыр. Жаңа мерзімде де миди ұзындықтағы трикотаж көйлектер жиі кездесті. Оның үстіне трикотаж көйлектер өте ыңғайлы әрі жылы болып келеді. Мұндай көйлектерді баска немесе белдік тағы арқылы ерекшелеуге болады.

Дереккөз: massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.