Суық мезгілге аяқ басқанда жылы жемпір гардеробтың басты киіміне айналады. Созылып не түтіліп кетпей, ұзақ жылдар бойы киюге болатын жемпірді қалай таңдау керек?
Жемпірдің құрамы қандай болуы керек? Жемпірдің құрамында табиғи заттар басым келгенімен, ол жемпірді кигенде ыңғайлы болатынына кепілдік бермейді. Жүн әртүрлі болады: ол «тікенек» сияқты денеге қадалуы немесе терімен байланысқан кезде аллергия шақыруы мүмкін. Мақта қатты және ауыр болуы мүмкін. Вискоза өте қатты созылуы мүмкін. Бұл табиғи жіптерден бас тарту керек деген сөз емес, алайда төмендегі қасиеттерге баса мән беру керек:
— Жүн өте жұмсақ әрі үлпілдек болуы керек;
— Мақтаның жіңішке әрі жеңіл түрін таңдау қажет;
— Вискозаның басқа табиғи жіптермен (мақта немесе зығыр) бірге қолданған түріне мән беру керек;
— Кашемирден жасалған үлгілерге назар аудару қажет.
Араласқан материалдар табиғи және синтетикалық жіптерден тұрады: өндірушілер жиі қолданатын құрам – ол жүн мен акрилді 50/50 үлесте қолдану. Мұндай жіп табиғи көрінеді, алайда оны кигеннен тершең бола түсесіз. Бірақ ол арзан тұратындықтан өндірушілер осы құрамды қолданғанды жөн көреді.
Синтетикалық жіпті аз пайыздық мөлшерде қолданатын кездер де болады. Мысалы, мохер жібі ешқашан 100% табиғи болмайды. Мохермен бірге акрил немесе полиамед жүреді. Олар мохердің сырғанақ талшықтарын ұстап тұруға көмектеседі.
Денеге жағымды әрі ең жұмсақ табиғи материал – кашемир: ол тау ешкілерінің түбітінен өндірілетін жіптерден жасалады. Кашемирден жасалған свитерлер мен жемпірлер өте қымбат болғанымен олар сізге ұзақ қызмет етеді.
Табиғи жіптерден ғана тоқылған жақсы жемпірлерді барлығының бірдей қалтасы көтермейді. Сондықтан араласқан материалдан тұратын жемпір аларда оның құрамын зерттеңіз: ондағы табиғи жіптердің пайыздық мөлшері синтетикалықтан көбірек болуына мән беріңіз.
Дереккөз: massaget.kz