Тоңазытқышқа тағамдарды дұрыс орналастырып жүрсіз бе?

0 19

Тоңазытқышыңызды ашып көріңізші. Ішінен алған тағамыңызды қай жерде бос орын болса, сол жерге қоя салып жүрсіз бе әлде әр қатарда әр тағамның өз орны бар ма? Тоңазытқыштағы заттардың реттілігі қатып қалған қағидалармен жүру үшін емес, тағамдардың мерзімінен бұрын бұзылып кетпей сақталуы үшін қажет.

Үстіңгі сөре Тоңазытқыштың жоғарғы сөресінде жақын арада тұтынатын нәрселерді сақтау керек. Беті ашылған қалбыр, торт жасаудан қалған кілегей секілді барлық тағамның орны үстіңгі қабат. Сонымен қатар мұнда қаймақ, сары май, ірімшік секілді сүт өнімдері де сақталады. Өйткені бұл тоңазытқыш «қалтасынан» кейінгі жылылау жер. Сүт өнімдері өзіне басқа иісті тез сіріңіп алмауы үшін де осы үстіңгі сөре ең қолайлы жер болады.

Ортаңғы сөре Жұмыртқа секілді ақуыздардың орны ортада. Сіз бұрын оны қорабымен тоңазытқыштың есігіне қойып жүрсіз бе? Оның тез бұзылып кетуіне де осы әрекет себеп болған. Тоңазытқыштың есігі ең жылы жер деуге болады. Шұжық, контейнердегі дайын тағамдардың да орны – ортаңғы сөре.

Төменгі сөре Бұл балық, ет, тартылған ет тұратын орын. Оларды беті жабық ыдыста сақтаған жөн. Егер еттің қаны тоңазытқышқа ағып кетсе, ондағы бактериялар ішінде тұрған барлық тағамға жайылады. Қонақ келерден бір күн бұрын торт пісірсеңіз, оның кремі бұзылып кетпеуі үшін де осы төменгі сөреге сақтауға болады. Бұл температурасы ең төмен жер.

Ең төменгі тоңазытқыштың «тартпасында» көкөністер мен жемістерді сақтауға болады. Бұл жерде тоңазытқышқа салмаса да бұзылмайтын тағамдар тұрады әрі тоңазытқыш қалыпты температурада тұрса, көкөністеріңізді үсіп кетуден де сақтайсыз.

Ал оның «қалтасында», яғни есігінде орналасқан жәшіктерде тосап, шарап, сусын, соус, кетчуп, майонез секілді құтыда тұратын, оңайлықпен бұзылмайтын нәрселер сақталады. Ал сүт, сары май тәрізді нәрселерді өте жиі қолданатын жағдайда, осы жерде тұрса, ол да сіз келесі қолданғанға дейін бұзыла қоймайды.

Тоңазытқыштан артық иіс шығып өзге тағамдарға таралмасын десеңіз және жоғарыда айтылғандай бактерия таралмасын десеңіз, барлық тағамды контейнермен салып не арнайы пакетпен орап, бетін жауып салған жөн. Қызықты мақалалар:

Дереккөз: massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.