Ақылды адам айтпайтын сөздер

0 2

Адам білім алғанда жаңаны танып қана қоймай, таным кеңістігін кеңейтіп, ойлау қабілетін арттырады. Алған білімін санасында жаңғыртып, өмірде қолдана білсе, ақылды адамға айналады. Ал ақылды адам аз сөйлеп, көп тыңдайды.

Бұл әділетсіз Кейде өмір әркімге әртүрлі көзқарас танытып, біреуге бақты үйіп-төгіп бере салғандай, енді біреуді бір айналдырғанда шыр айналдырып қырсыққа шалдырып қойғандай көрінетіні рас. Алайда бұл сөз ештеңенің шешімі бола алмайды. Өз басыңыздағы жайсыздық туралы жалпақ жұртқа жария қылмай-ақ, ақылды адам оған кеткен күшін жетістікке жетуге жұмсайды.

Шаршаңқы көрінесің Бұл сөз адамға басыңнан асқан мәселелерің бетіңе шығып тұр дегендей естіледі. Шынымен көмектеспек ниеті болса, адам жай ғана жағдайын сұрайды. Қарсы алдындағы адам қажет деп тапса ішіндегі шерін айтып, көмек күтеді. Ал сізге мардымды жауап бермесе, қажет деп таппаса, ары қарай қазбалаудың қажеті жоқ.

Жас көрінеді екенсіз Бұл мақтау емес. Мұндай сөзбен адамның жасын есіне салып, қартайып қалыпсыз дегендей боласыз. Оның орнына ақылды адам жай ғана «Құлпырып тұрсыз» дейді. Ол да бір мәз боп қалады.

Иә, айтып едің ғой… Кейде адамдар ойын кімге айтып, кімге айтпағанын ұмытып қалуы да ғажап емес. Сондықтан сізге бұрын айтып қойған ақпаратын тағы қайталап жатса, оған білетініңізді көрсету міндетті емес. Бұлай оны өзіңізден төмендетіп, әңгімесін қызықсыз санап тұрғандай әсер қалдырасыз. Үндемей ары қарай тыңдай берген абзал.

Үнемі осылай істейсің Ақылды адам өзгенің қателігін бетіне баспайды. Барлығы сіздің айтқаныңызбен жүруге не ойлағаныңыздай әрекет етуге міндетті емес. Алдыңғы қателіктерін бетіне салық ете бермей, дәл қазіргі ісінің дұрыс болмағанын айту да жетіп жатыр.

Сәттілік! Бұл көбінің сөздік қорында кездеседі. Алайда сіз адамның лотереядан не жарыстан жеңіп келуін тілеп жатқан жоқсыз ғой. Оның орнына «табысты болыңыз» не «табыс тілеймін», «жолыңыз болсын» деген секілді сөздер айту шын жүректен шыққандай естіледі.

Айттым ғой саған Бұл нағыз өзімшілдікке, мақтанға толы сөз. Әлбетте, оған бұлай істемеуді ескерткен боларсыз. Алайда райынан қайтара алмаған соң өткен іске өкініп, барлығын еске сала берудің не қажеті бар?! Болған іске шын өкінген адам жығылған үстіне жұдырық болмай, керісінше, ары қарай қалай жол табуды, көмектесуді ойлайды. Ол қолынан келмесе, жай ғана үнсіз қалудың өзі көмек.

Сізге деген құрметпен… Бұл сөз көбіне құрметтің табы аса білінбейтін жерлерде айтылады. Мысалы даяшы, стюардесса секілді қызметкерлер қолдануы мүмкін, ал олардың түрінен ешқандай ізгі ниет білінбей, жай ғана амалсыз жұмысын атқарып тұрғаны көбірек байқалады.

Қолымнан келмейді Шынында да ары қарай қалай қадам басуды білмей, кейін шегінбексіз әрі мұны көптің көзінше айтып тұрсыз ба? Одан өткен қателік жоқ. Өзіңіз ойлағаннан әлдеқайда мықты екеніңізді еске түсіріп, уақытша кезіккен кедергілерді жеңіп шығуға барыңызды салыңыз. Қалауын тапса қар жанады.

Дереккөз: Massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.