Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында оларға есту, көру, дауыс шығару, гигиеналық құралдар сынды заттар тегін беріледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылы 28 сәуірде жариялаған «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығының 1-қосымшасында мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін медициналық құрал-жабдықтар беру жөнінде толық айтылған.
Мәселен, құлағы кемтар жандарға веб-камерасы бар ноутбуктер беріледі. Ал IV дәрежедегі екі жақ құлақтың мүкістігі (есту протездерін тақпайтын), екі жақ құлақтығы кереңдігі (90 дБ-ден астам), мылқау, IV дәрежедегі құлақ мүкістігімен ұштасқан кереңдік, жай-көмейді алып тастаған кезде сөйлеу органдарының дауыс шығару функциясы айқын бұзылуы сынды диагноз қойылған, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарға, балаларға дауыс шығаратын аппараттар тегін беріледі.
Көру қабілеті бұзылған мүгедектерге тифлотехникалық құралдар беріледі: 16 жастан асқан бірінші топтағы, соның ішінде диабет бойынша «Д» есепте тұрған, оның ішінде мектеп жасындағы мүгедек балаларға тест жолақшалары бар сөз шығаратын глюкометр, артериалдық гипертензия бойынша «Д» есепте тұрған 16 жастан асқан мүгедектерге дыбыс шығаратын тенометр беріледі.
Көзі көрмейтін жандарға тифлотаяқ, оқу машинасы, Брайль жүйесі бойынша жазу құралы, дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефондар, дыбыс жазбасын шығаруға арналған плейер, Брайль қарпі бар сағат, сөз шығаратын термометр, ине сабақтағыш, тігін инесі сынды заттарды беру – тегін.
Протездік-ортопедиялық көмек құралдарына тутор, балдақ, таяқ, жетек арба, емдік белбеу, жейде кию мен түйме тағуға арналған құрылғылар, профилактикалық шалбарша, колготки мен шұлық киюге арналған құрылғы, белсенді ұстағыш, кілтке арналған ұстағыш жатады.
Ал гигиеналық құралдар қатарына жөргек, несеп қабылдағыш, нәжіс қабылдағыш, сіңіргіш жайма, қорғаныш крем, сорғыш ұнтақ, тері тазартқыш, санитарлық құрылғысы бар кресло-орындық, жуынатын бөлмеге арналған тұтқалар жатады. Олар қуық, ішек стомасы ұстаған, нәжіс мен несеп ұстай алмайтын, омыртқа жұлынының, несеп шығару жүйесі мен асқазан-ішек жолының туа біткен аномалиялары бар жандарға беріледі.
Мұндай құралдарды мүгедек жандардың өздері не заңды өкілдері, сенімхат берген азаматтары келіп әлеуметтік қорғау мекемелерінен ала алады. Нақтырақ айтсақ, әр облыста орналасқан «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаментіне», «Жұмыспен қамту орталықтарына», әлеуметтік қорғау жөніндегі басқармаға не бөлімге барса болады.
— Ол үшін тұрғылықты емханадан дәрігерлер кеңесі комиссиясынан кемтар жанның бұл құралдарға мұқтаж екендігі жөніндегі анықтаманы, төлқұжаты мен мекенжай анықтамасын, мүгедектік жөніндегі анықтаманы алып департаментке келуі тиіс, — дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО облыстық департаментінің бөлім басшысы Светлана Тарасова.
Міндетті гигиеналық құралдар мүмкіндігі шектеулі жандарға мекемеге кеп өтініш білдірген кезден бастап берілмек.