Тараздағы түзеу мекемелерінің біріне белгісіз затты лақтырмақ болған азамат қолға түсті. Заңбұзушылық ЖД-158/7 мекемесінде орын алған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Түстер шамасында абақты маңайын торуылдап жүрген күдікті көзге ілінеді. Жедел-режим топтары бақылауды күшейтіп, қажетті іс-әрекетке кіріседі. Амалын асырғысы келген азамат көп ұзамай биік қоршауды асырып беймәлім затты ішкі күзет аумағына лақтырды. Жапсырмамен маталған түйіншек өндірістік аумаққа бағытталған. Ішінде «Самсунг DUOS» ұялы телефоны мен қос бірдей қуат көзі яғни, екі дана «батарейка» бар екіндігі анықталған. Бұзақы оқиға орнында құрықталса, әккі ісі толықтай бейнебақылауға түсіп қалған.
Жазасын өтеуші сотталғанға жасырын түрде көмектесіп, қатаң тиым салынған дүниелерді ішкі түрме аумағына алып өтпек болған 25 жасар Тараз қаласының тұрғыны екен. Бұған дейін істі болмаған Б.Н.Қ атты ер-азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің талаптарына кереғар әрекеті үшін 481 бапқа сәйкес жазасын тартатын болады. Қазіргі таңда іс сотқа жолдану мақсатында қажетті құжаттар рәсімделу үстінде. Ал ұялы байланыс құралдарын сұратқан сотталғанда анықталып, қылмыстық-атқару жүйесінің кодексіне сай тиісті жазасын тартатын болады.