Келіннің жанұядағы қызметі мен әдебі

0 19

«Баланы бастан, келінді жастан» демекші, қазақ халқы келіннің әдептілігіне көп көңіл бөледі. Келіні әдепсіз болса, ата-енесіне және қыздың әке-шешесіне сөз тиеді.

Сондықтан да жаңадан келін болып түскенде келінге арналған «Беташар» жырында тәлім-тәрбиелігі зор өлең шумақтары айтылады. Тойда жанашар бауырлары мен туған-туыстарының айтатын тілектері де келіннің әдепті болғанын қалайтын тілектер.

Әр елдің салты әртүрлі. Қазақ халқының салт-дәстүрінің тәлім-тәрбиесі зор, мағыналы. Келіннің әдепті сөйлейтін сөзі мен жанұядағы міндетін абысындары мен енесі жаңа түскен келінге үйретіп отырады. Жас келін бір үйдің берекесі кіргізіп болашақ ана болғандықтан ата-ене үйлі жайлы болып, бала-шағалы болуларына үлестерін қосады.

«Жақсы келін – қызыңдай, жақсы күйеу – ұлыңдай» деп қазақ даналары бекер айтпаған. Келіннің де келін болып түсе сала өзіне артылған міндеттері бар. Таңертең ерте шай қою, дастарқан жайып шай беру, үй тазалағы, ауылды жерде ошақ басындағы қызметі, мал жайғастыруы, сиыр сауып, күбі пісу. Келін болып түскен күннің ертеңінде-ақ таңертеңгісін осы тірліктерге араласпас бұрын, ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізе бүгіп, сәлем салады.

Сәлем салу дәстүрі – келіндердің ата-енесіне, қайын жұртына деген құрметі мен сәлемі. Осындай сәлемін басқа жанұя мүшелеріне салады. Қонаққа күйеу жігіттің туыстары келе қалса да келін иіліп сәлем салады. Шай дайындап, дастархан жаяды. Сәлемін алған адам келінге ризашылдығын білдіріп, рақметін айтады. Келін үлкендер алдында орамал тартып жүреді. Ол да үлкендерге көрсеткен сый құрметі. Қыз күніндегі еркелігін келін болып түскенде тастағаны жөн. Дөрекі сөйлемейді, әдепсіз қимылдар жасамайды. Киген киімдері үлкендерге ұнамды болса, бұл да ата-енесі мен жолдасына деген сый құрметі. Олармен істейтін істерін ақылдасқан дұрыс. Көпшіліктің алдында болсын, жеке өздері қалғанда жанұясының басшысы жолдасын құрметтеп отыру бақытқа жеткізеді. Бірін-бірі бірінші болып кешіру, түсінікпен қарау, қиын сәттерде қол ұшын беру, сырласу бақытқа жеткізетін кеңестер болып табылады.

Ерін сыйлаған әйел елін де сыйлайды.

 Massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.