Кейде үйден асығып шығып, қауіпті жағдайлардың алдын ала алмай қаламыз. Соның салдарынан түрлі апат болып, сау басымызға сақина тілеп жататын кездер жетерлік. Осындай келеңсіз жағдайға жеткізбес үшін ең алдымен барлығына мұқият қарағаныңыз жөн. Егер мұндай дүниелерді ұмытып кете берсеңіз, ұялы телефоныңызға немесе есіктің шығар тұсына әрекеттеріңізді жазып қойыңыз. Сонымен сіз жоқ кезде үйіңіздің қауіпсіздігін сақтау үшін төмендегі жазбаларға назар аударыңыз.
Ең бірінші үй ішіндегі барлық жарық шамын сөндіріп шыққаныңыз дұрыс. Себебі, үлкен күшпен келіп жатқан тоқ дұрыс жұмыс істемесе өртке әкеліп соғуы әбден мүмкін.
Екіншіден, газ плитасының сөніп тұрғанына көз жеткізіңіз.
Үйіңізде шылым шегетін болсаңыз, тұқылдарының сөнгеніне мұқият болғаныңыз абзал.
Егер көлікпен жүрсеңіз, үйден шығатын кезде барлық құжатын бір тексеріп, кілтін алуды ұмытпаңыз. Үйдің ішіндегі үтік, теледидар сынды тоққа қосулы тұрған заттардың барлығының сөніп тұрғанына көз жеткізіңіз.
Жуынатын бөлмеге барып кран суларының өшіп тұрғанын бір тексеріңіз. Егер краннан су ағып тұрса, сіз қайта келгенше бөлмеңізден бассейн жасап қоюы да ғажап емес.
Үйіңіздегі терезелердің жақсылап бекітілгенін қараңыз. Ашылып қалған әйнектер ұрылардың оңай кіруіне мүмкіндік беретіні тағы бар.
Егер үйіңізде жануарлар асырайтын болсаңыз, оларға да мұқият назар аударыңыз. Қиратып кететін заттар болса қауіпсіз жерге ауыстырғаныңыз абзал.
Асығып жүріп үйдің есігін итере сала тайып тұратын кездер де адам баласында болып тұрады. Сондықтан барлығына мұқият қарап, жауапкершілікпен назар салғаныңыз абзал.
Тағы бір кішкене кеңес. Үйден шыққанда асықпас үшін алдын ала 15-20 минут бұрын қамданғаныңыз жөн.