Өзіңізге жақын адамға сыйлық жасау, оны қуанту бір ғанибет. Өйткені сыйлық жасау арқылы адамды шаттыққа бөлейміз. Олардың жан дүниесінде күйзеліс болса, сыртқа шығарып, сергіп қалуына көмектесеміз. Дегенмен сыйлық жасаудың да өзіне тән ерекшелігі бар. Олай дейтініміз кейбір сыйлықты жақын адамға тартудың мүлде қажеті жоқ. Мәселен адамдар арасында «ғашықтар бір-біріне сағат сыйламауы керек» деген түсінік бар. Бірақ оның сырын ешкім зерттеп көрген жоқ.
Бұл түсінік қайдан пайда болды? Жалпы сағатты сыйлыққа бермеу туралы екі түсінік бар. Алғашқысы, батыс дәстүріне сай сағат тілі өткір зат қатарына жатады. Яғни сағаттың тілі пышақтың рөлін меңзейтіндіктен, оны адамға сыйлау жамандық шақырғанмен бірдей. Одан келіп шығатын түсініктер «бақытты екіге бөлу» немесе «достық қарым-қатынасты тоқтату».
Екінші түсінік бізге Қытай арқылы жеткен. Себебі қытайлардың түсінігінде сағатты сыйға тарту өлімге шақырғанмен бірдей. Яғни қайтыс болған адамның жаназасына келу деген сөз. Бұдан бөлек сағат екі адамның арасындағы қарым-қатынастың тоқтайтын уақытын көрсететін бірлік те болады.
Жапондардың түсінігінде жақын адамға сағат сыйлау оған тікелей өлім тілеумен бірдей екен.
Сүйіктіңізге сағат сыйлауға бола ма?
Қалыптасқан түсінік шын әлде жалған болсын, ең дұрысы сүйікті адамыңызға сағат сыйлаудың қажеті шамалы. Себебі сағат сыйлау туралы түсінік адам санасында қалыптасып кеткеннен кейін, біле тұрып осы сыйлықты беру қоштасқыңыз келетінін білдіреді. Сағаттан да өзге сыйлық түрлері көп. Егер сағат алуға аса құмартып тұрсаңыз, сүйіктіңізге ақшасын беріңіз, өзі барып сатып алғаны абзал. Бұл ең тиімді және дұрыс шешім.
Сыйлыққа сағат алсаңыз не істеу керек?
Біз жоғарыда сағатты не себепті сыйға беруге болмайтынын айттық. Дегенмен сіз сыйлыққа сағатты алып қойған болсаңыз не істейсіз? Шу шығарудың қажеті жоқ. Қанша дегенмен жақын адамыңыз сіз үшін шын көңілмен сыйлап тұрғаннан кейін, сіз оған мән бермеуге тырысыңыз. Яғни сағат туралы жаман түсінікті ойыңыздан шығарып тастаңыз, күлімдеп қана сыйлықты қабыл алғаныңыз дұрыс. Бәлкім сыйлаған адам сағат жайындағы түсінікті мүлде білмеуі де мүмкін.
Екінші жағдайда, сатып алыңыз. Бұл деген сағаттың толық ақысын төлеу дегенге келмейді. Он теңгесін ғана беріп, сыйлықты сатып алған сипат жасаңыз. Бұл сіздің санаңыздағы сенімді арылтуға көмектеседі. Өйткені уақыт өте келе сыйлықа қараған сайын, іштей сағатты сатып алдым деп ойлайсыз.