Жамбыл облысында биыл тұңғыш рет «Джип сафари» көлік жарысы ұйымдастырылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев өзінің инстаграмдағы парақшасына жазды — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Жоғарыда атап өткеніміздей бірінші рет ұйымдастырылатын «Джип сафари» Топағаш жеріне дейін жалғасады. Жалпы қашықтығы ары-бері 60 шақырымды құрайды.
—Бұл шараның тарихи танымдық маңызы зор. Өйткені, Ұлы Жібек жолындағы көлік жарысы Сұмқайтты немесе Әбілқайыр жазығын басып өтіп, Тораңғыт секілді шежіреден сыр тартатын өлкелерді аралайды,-деп жазған Ержан Жұматұлы.
Қатысушылар тек жарысып қана қоймай, өлке тарихымен танысуға да мүмкіндік алады. Ел аузында «Сұңқайты» аталып кеткен «Сұмқайтты» жазығы, Әбілқайыр даласы туралы аңыз әңгіме көп болағынмен, нақты дерек аз. Танымал тарихшылардың мәліметтеріне сүйенсек аталған жазық далада қазақ пен жоңғарлар арасында үлкен қақтығыс орын алып, жау жеңіліске ұшыраған . Осыдан кейін ел аузында «жаудың беті қайтты» яғни «Сұмқайтты» деп аталған деген дерек бар.