Шу ауданында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен актив жиыны күні кеше Алматы қаласында кісі қолынан қаза тапқан даңқты спортшы Денис Тенді бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Одан әрі басқосуда өңірдің алғашқы жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды. Өңірде экономикалық өсім бар десек те, мұнда 13 индикаторға қол жеткізілмеді. Жекелеген салаларда бірқатар мәселелерде де бар. Атап айтар болсақ, аграрлы аймақта ауыл шаруашылығы саласында түйткіл көп. Облыс әкімі саладағы 30 индикатордың 7-еуіне қол жеткізілмегенін атап өтті. Өңірде 5400 гектар жер игерілмеген. Қант қызылшасын егу жоспарланған 2000 гектардың небәрі 600 гектарына ғана тәтті түбір тұқымы себілген.
Су қоймаларының жағдайы мәз емес. Бұдан бөлек, Асқар Исабекұлы халықты ауыз сумен қамтуда субсидияны пайдаға жарату мүмкіндігі ескерілмегенін тілге тиек етті. Қазір ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 42 пайызды құрайды. Сондай-ақ, өңір басшысы газбен қамтудағы шарықтаған бағаны төмендету шараларын кешіктірмей қолға алу туралы тапсырма берді. Кәсіпкерлік саласы бойынша индикаторлардың кейбіріне қол жеткізу қиындық туғызуда. Әлеуметтік салада ілгерілеушілік бар. Туу көрсеткіші 6 пайызға артқан. Алайда салада кадр тапшылығы байқалады.