Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасымен қолға алынған баспасөз-турдың осы аптадағы жұмысы аграрлы аймақ -Тұрар Рысқұлов ауданынан бастау алды, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан биылғы жылы есімін иеленген тұғырлы тұлға Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жылдық мерейтойды толағай табыстармен қарсы алуда. Барлық салада жетістіктер мен ілгері даму бар, көрсеткіштер көңіл көншітерлік.
Аймақ басшысы Асқар Исабекұлы ауданда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жергілікті биліктің жұмыстарын жандандыруға тың идея беріп, үнемі бақылауда ұстап келеді.
Ауданның әлеуетін арттырып, экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін саланың бірі-шағын және орта кәсіпкерлік. Баспасөз-туры аясында кәсіпкерлік саласындағы жұмыстармен таныстық. Аудан орталығы Құланда жаңа ашылған кәсіпкерлік нысаны -«Қаракөз» сауда орталығы жұмысының барлап, кәсіп иесі Нұрлан Тоқабайұлы Қауымбаевпен сұхбат жүргізілді.
Өз сөзінде кәсіпкер Үкімет тарапынан да, жергілікті басшылар тарапынан кәсіпкерлікке қолдау кең ауқымда қанат жайғанын, жұмыстар жанданып келе жатқанын тілге тиек етті.
Іс-сапар барысында «Бастау-бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлігін жаңа бастаған Тәжиев Қуаныштың үй құстарын өсірумен айналысып, үндік шаруашылығын дамытуға бет бұрған оң қадамымен таныстық. Бұл да- кәсіптің бір түрі. Құс өнімдерінің нарықтағы сұранысына жауап беретіндей деңгейде жұмыс атқаруға бел буған кәсіпкердің ісіне сәттілік тіледік. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды аудан әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімі басшысы С.Тастанов әңгімеледі.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының да ауданда жастар кәсіпкерлігін дамытудағы жұмыстары айтарлықтай. Қазіргі таңда ауданда 365 жас кәсіпкер болса, олардың қатары күннен-күнге толығып келеді. Солардың бірі-«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант иегері А.Досбембетова өз кәсібін бастап, фотосалон ашып, кәсіпкерлікпен айналысуда.
Аудан-аграрлы аудан саналатындықтан, халықтың табыс көзі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда мал шаруашылығы, мал өнімдерін өндіру мен экспорттау мәселесі қарқынды дамып келеді.
Солардың бірі-«АлРай»ШҚ-ы, жуырда ғана мал бордақылау алаңын іске қосып, кәсіпкер Қ.Әбдірайымов өз ісін дөңгелетіп отыр.Тұрар Рысқұлов ауданындағы толағай табыстар мен толымды тірліктер туралы республикалық және жергілікті БАҚ-тан таныса аласыздар.