Ербол Қарашөкеев жамбылдық ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады

0 5
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлермен кездесті.

Өңірде қарттар мен зейнеткерлерді қолдау, оларға рухани және әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта 2023 жылы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылып, бүгінге дейін 1 500-ге жуық қарт кісіге 25 түрлі қызмет көрсетілді.
Қажеттілікке байланысты жыл соңына дейін тағы бір орталықтың құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл бастама аға буынның өмір сапасын арттыруға және белсенді ұзақ өмір сүруіне жол ашады.
– Үлкенге ізет – халқымыздың бойына сіңген ізгі қасиет. Сіздердің тағылымды өмір жолдарыңыз өңірдің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгінгі жетістіктеріміздің барлығы – аға буынның ерен еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы. Сіздердің қоғамдық белсенділіктеріңіз өңіріміздің ілгері дамуына айрықша ықпал етуде, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Ербол Қарашөкеев жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде ардагерлердің қолдауы ерекше маңызды екенін атап өтті.
– Қарттарымыз бен қарияларымыз еліміздегі тұрақтылық пен татулықты нығайтып, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде мықты тірек болып отыр.
Соңғы уақытта бәрімізді алаңдатып отырған мәселенің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлар да азаймай тұр. Мұндай мәселелерге бейжай қарамай, қоғам болып алдын алу шараларын күшейтуіміз қажет. Бұл істе үлкендеріміздің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі аса маңызды, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шара барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер ерекше құрметке ие болды.
Еңбек ардагері Рахматілдә Рахманбердиев пен Тараз қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Күләш Әбдікешова «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, тағы жеті азаматқа облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды.
Жылы әңгімеге толы еркін форматтағы кездесуде ардагерлер кеңесінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді.
Кездесу соңында мемлекеттік қызмет ардагері Оңласын Есіркепов ақ жүректен шыққан батасын беріп, ел мен жердің амандығын тіледі.
Leave A Reply

Your email address will not be published.