Баспана алуды армандағандарға тамаша мүмкіндік: «Наурыз Әскери» бағдарламасы басталды

0 5

Отбасы банк 2025 жылдың 17 қарашасынан бастап тұрғын үй төлемін алатын азаматтардан несие өтінімдерін қабылдауды бастайды.

Бағдарламаға Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, ІІМ, ТЖМ, Мемлекеттік күзет қызметі, әскери прокуратура және өзге де мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер қатыса алады.

Банкке өз бетімен барудың қажеті жоқ — өтінімдер ведомстволар ұсынған тізім бойынша қабылданады. Қазіргі таңда Отбасы банк тиісті мекемелерге хаттар жолдаған. Тізім дайын болған соң, тұрғын үй төлемін алушылар банкке келіп, өз менеджерін тексергеннен кейін өтінім бере алады.

Жаңа тұрғын үй сатып алғысы келетіндер үшін «Наурыз Әскери» бағдарламасы қолжетімді.
Бұл бағдарламада:

  • несие мөлшерлемесі – 9%*;

  • бастапқы жарнасыз қатысу мүмкіндігі бар;

  • бастапқы жарна 0–20% болса, несие сомасы Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі;

  • ал бастапқы жарна 20–50% аралығында болса, несие сомасы 80 млн теңгеге дейін ұлғаяды.

Бағдарлама тек жаңа тұрғын үй сатып алуға арналған.

«Наурыз Әскери» — «Наурыз» бағдарламасының арнайы тармағы. Жоба әлеуметтік облигациялар арқылы қаржыландырылады, ал несие пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.

Жаңа пәтерді Baspana Market (otbasybank.kz) порталы арқылы таңдап, брондап және онлайн сатып алуға болады.

Егер тұрғын үй төлемін алушылар дайын үй алғысы келсе, олар үшін «Әскери баспана» бағдарламасы қолжетімді. Мұнда несие мөлшерлемесі 18%, бастапқы жарна 20–50%, ал ең жоғары несие сомасы 50 млн теңгеге дейін.

Бүгінгі күнге дейін Отбасы банк тұрғын үй төлемін алатын 44 103 адамның баспаналы болуына көмектесті. Бұл мақсатқа жалпы 870,5 млрд теңге бағытталған, оның ішінде 428 млрд теңге — әскери бағдарламалар аясында берілген 18 мың несиеге тиесілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.