Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жолдарды жөндеу және жылыту маусымының қорытындысына қатысты жайттар сараланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
⠀
Аймақ басшысы экономиканы дамыту үшін жол желісінің маңыздылығын айрықша атап өтіп, ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 30 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол облыс орталығындағы және Алматыға баратын республикалық жолының нашар жағдайына назар аударды.
⠀
💬Жолдардың нашарлығымен қатар айналасы қоқысқа толы, — деп атап өтті облыс әкімі.
⠀
Жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемі екі есеге артады. Өткен жылы 602 км жол автожол жөнделген.
⠀
Бөлінген қаржы есебінен 1334,6 км жолға жөндеу жүргізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, 1310,5 км жол орташа жөндеуден өтеді десек, оның ішінде 180,5 км облыстық, 136,5 км аудандық маңызы бар автожолдар және 1017 км елді мекендердің көшелері.
⠀
💬Барлық аудан әкімдері өз аумағында орналасқан асфальтбетонды зауыттармен келісім-шарт жасасып, жөндеуді қажет ететін жолдар тізімін, қажетті материалдардың көлемін жасауы қажет. Жол активтерінің сапа орталығы, техникалық қадағалау органдары өздеріне жүктелген функцияларды тиісінше орындап отырған жоқ.Сапасыз асфальттің салдарынан жолдардың жағдайы көңіл көңшітпейді. Сондай-ақ, көлік инспекциясы үлкен жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейтуі керек, — деп тапсырды облыс әкімі.
⠀
Бердібек Сапарбаев қоғамдық көліктерді газға көшіру жөніндегі жұмыстардың әлсіздігін алға тартып, ол Тараз қаласының экологиясына және оның тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, электрондық билеттендіруді енгізу шараларын жандандыру талап етті.
⠀
Жеке автопарктердің иелері өз шығындарын бюджетке аударуға тырысады, сондықтан қосымша қаржыландыру көздерін іздестіру үшін олардың шығыстарын мұқият есептеу қажет. Әлі күнге тұрғындар кіші және ескі автобустардың қолайсыздықтарын сезініп келеді.
⠀
Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров тараздықтарға ыстық су шілде айына дейін беріліп, одан кейін келесі жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар басталатындығын жеткізді.