Талас ауданында жел электрстанциясы іске қосылады

0 12
Ағымдағы жылы Талас ауданында 77 жобаны жүзеге асыруға 5,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сәрсенбі, 3 маусым күні аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев аталған ауданға жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік маңызы бар жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын тексерді , — деп хабарлайды «ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы алдымен орталықтандырылған су құбырының құрылысы аяқталуға таяу қалған Майтөбе ауылына барды. Мердігер ұйым «Пырақ-Құрылыс» ЖШС нысанды маусым айының соңында тапсырмақ. Нәтижесінде елді мекендегі барлық 328 аула таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Бердібек Сапарбаев қосымша қаражат көздерін қарастырып, ескі ғимаратты бұзып, орнына жаңа ауылдық клубын салуды тапсырды.

Мынау ғимарат ары кетсе екі-үш жыл тұрады. Содан кейін ауыл клубын қайтадан салу керек болады. Жұмыс енді басталды, кейін кемшіліктерді түзетумен алыспау үшін уақыт барда олқылықты осы бастан жөнге келтіру қажет. Болашақты ойлаған дұрыс. Мемлекет қаржысын желге ұшырмаңыз, – деді Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне.
Облыс әкімі «Wind Power City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр станциясына да барды. Осы жоба аясында 1,8 миллиард теңгенің инвестициялары тартылды. Қазірдің өзінде мұнда жалпы қуаттылығы сағатына 9 МВт құрайтын жеті жел генераторы салынды. Инвесторлардың айтуынша, станция тамыздың басында жұмыс істей бастайды. Жобаның екінші кезеңінде жел қозғалтқыштарының саны тоғызға артады.

Жамбыл облысы баламалы энергетика саласында айтарлықтай әлеуетке ие. Аймақтың климаттық жағдайларын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жаңартылатын энергия көздері жобаларының көмегімен көптеген елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиямызды сақтауға болады, – деді облыс әкімі.
Leave A Reply

Your email address will not be published.