Электронды билеттендірудің алғашқы нәтижелері белгілі болды

0 6

Өткен жылдың қазан айында Тараз қаласында қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру енгізілген болатын десек, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңашылдықтың алғашқы нәтижелерін алты ай өткеннен кейін ғана бағалауға болатынын айтқан еді. Осыған орай, электронды билеттендірудің аралық қорытындыларына жүргізілген талдау жасалған қадамның дұрыстығын көрсеткен. Дегенмен, жедел шешуді қажет ететін өзекті мәселелер де жоқ емес болып шықты. Бұл туралы өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланып, айтылды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қвзметіне сілтеме жасап.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтың айтуынша, 205 мың бірлік TulparCard картасы шығарылған. Оның 171,2 мыңы қолданыста, 33,8 мыңы резервте десек, қосымша тағы 10 мың карточка дайындауға өтінім берілген. Тараздықтар жол жүру ақысын TulparCard картасымен, QR-код және автобустың цифрлық коды арқылы төлеу мүмкіндіктерді оң бағалауда. Қазіргі таңда SMS және USSD-код арқылы төлеу секілді жүйелерді де қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, TulparCard картасының теңгерімін толтырудың түрлі қызметтері қарастырылған. Облыс орталығының тұрғындарына ыңғайлы болу үшін TulparCard және tarazbus мобильді қосымшалары біріктірілуде, бұл нақты уақыт режимінде қалалық автобустардың қозғалыс кестесін қадағалауға мүмкіндік береді.

Бердібек Сапарбаев оқушыларға арналған қосымшалардың функцияларын кеңейту бойынша жұмыстардың әлсіздігін атап өтті. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде еліміздің кейбір қалаларында қолданыста десек, онда бір карта арқылы оқушы мектепке кірерде арнайы турникеттен өту, асханада тамақтану және қоғамдық көліктерде жүру ақысын төлей алады. Бұл баланың барлық қозғалыстарын нақты уақыт режимінде бақылауына мүмкіндік беретін ата-аналар үшін де ыңғайлы.

Қалай болғанда да, халық қолма-қол ақшасыз төлем түрін белсенді игеруде. Мысалы, қолма-қол төлемдердің үлесі 13,7-ден 0,5 пайызға дейін төмендеген, ал мектеп карточкаларының үлесі 3,5-тен 12,2 пайызға дейін артқан. Жолаушылардың 8,2 пайызы QR-код арқылы төлем жасауды жөн көреді. Нәтижесінде электрондық билетті енгізу қарқыны мен тиімділігі бойынша Тараз бүгінде Қазақстан қалаларының алғашқы үштігіне кіреді. Бұл ретте айта кету керек, Нұр-Сұлтан мен Алматыда осындай жүйе бесінші жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Салық түсімдері үш еседен астам өсті десек, бұл электронды билеттің маңызды артықшылықтарының бірі болып табылады.

Қазіргі таңда 32 маршрут бойынша 242 автобус қатынауда. Алайда көлік жетіспеушілігі туындауда, ал төртінші тоқсанда көптеген оқушылар дәстүрлі форматта оқи бастағанын ескерсек, тапшылық өзектілігі арта түсуде. Сондықтан жаңа автобустар сатып алу және жалпы тасымалдаушылардың көлік паркін жаңарту мәселесі айқын сезіліп отыр.

Облыс әкімдігі қазақстандық өндірушілерден қосымша 100 автобус сатып алу жайын қарастыруда.

Бердібек Сапарбаев маршруттарды ұсыну бойынша конкурстарға қатысу шарттарын қатаңдату қажет деп санайды. Мұнда валидаторлардың, QR және USSD кодтарының міндетті түрде болуы сияқты ережелер белгіленуі керек. Сонымен қатар, пайдалы бағыттарға бірнеше рентабельді емес маршруттар қосылуы тиіс. Басқаша айтқанда, жолаушылар ағыны аса үлкен емес, орталықтан алыс аудандар да қоғамдық көлік қызметтерінсіз қалмауы керек. Сонымен қатар, тендер жеңімпазы қажет болған кезде бағыттағы автобустардың санын арттыру міндеттемесін қабылдауы керек.

— Қаланың басты көшелерінде көлік қозғалысының кестесі көрсетілген ақпараттық тақтайшалармен жабдықталған заманауи аялдамалар болуы тиіс, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, тарифті көтермес бұрын, одан халыққа қандай пайда болады деген сұраққа нақты жауап беру керек. Біріншіден, бұл жаңа, кең автобустар, жоғары мәдениетті жүргізушілер мен кондукторлар, таза салондар екенін түсінуге тиіспіз.

— Автопарк қызметкерлерін адамдармен сөйлесуге, сабырлы және сыпайы болуға үйрету керек. Көлік компанияларының ағымдағы жай-күйі мен әлеуетіне, олардың жолаушылар тасымалы нарығында жұмыс істеу қабілетіне талдау жүргізу маңызды. Таразға 10 автотасымалдаушы қажет емес, олардың кейбіреулері қаржылық жағынан дәрменсіз және сапалы қызмет көрсете алмайды. Сондықтан мемлекеттік конкурстарға қатысушылар үшін жағдайды қатаңдату шараларын жалғастыру қажет. Тендерлердің жеңімпаздары қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз ете алатын компаниялар болуы керек. Электронды билеттендіру өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біз тұралап қалмай, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында бұл жұмыстарды одан әрі дамытуымыз керек, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.