Бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбайұлының естелігінен

0 49

Абай атындағы ұлттық педагогикалық институтының ғимаратында, Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанына алпыс жыл толуы құрметіне арналған кешке Баукеңді ертіп бардым. Кеште Әди Шәріпов, Дмитрий Снегин сөйледі. Ең соңында сөз кезегі Баукеңе тиді. Президиумда отырған ол кісі:
– Шақырғандарыңа рақмет, қарақтарым. Мен төсек тартып жатсам да, Мәліктің аруағын сыйлап келдім. Орнымнан тұрайын, – дей беріп еді, залдан:
– Орныңызда отырып сөйлей беріңіз, – деген дауыстар естілді.
– Мен Мәлік інімді, ең бастысы халқымды құрметтеймін. Сол себепті түрегеп сөйлеймін, – деп Баукең орнынан тұрды.
Бір оқытушы әйел есікке қарай беттей беріп еді, Баукең сөзін кілт тоқтатып:
– Ана қатын қайда кетіп барады?! – деді.
– Қонақтар келіпті.
– Біз кімбіз?
– Сіз ең құрметті қонағымыссыз, ата.
– Ана «тәртіпті» қатынның қайтып келуін күтейік.
– Ол кісі енді қайтып келмейді, сөзіңізді жалғастыра беріңіз, ата.
– Мен әскери адаммын, ерсі қимылды жек көрем. Кішігірім артық қозғалыстың өзі ойды бөледі. Ескертерім, зейін қойып тыңдағыларың келмесе, мына залдан бәріңнің шығып кетулеріңе рұқсат.
– Ата, сеніңіз, енді ерсі қимыл болмайды, бәріміз сізді тыңдауға құштармыз.
Зал сілтідей тынды.
– Біз өлген адамды еске түсіруді білмейміз. Қазіргі еске түсіруіміз – жетісін, қырқын, жылдығын, асын беру деп білеміз. Өлген адамның жетістігі мен кемшілігін насихатқа айналдырып, тезірек өлуіне мынандай себептер болды, оның мынандай қасиеттерін ұрпаққа үлгі етейік деп нақты түсінік бергенді еске алу дейді.
Жас кезімде әкем кімдерді жақсы көретінімді сұрай беретін. Неге сұрай береді деп мен ойланатынмын. Бақсам, біреуді жақсы көру арқылы тұла бойындағы жамандықты кетіріп, ұзақ өмір сүреді екенсің. Еске алу осындай болуы керек, – деп Баукең соғыс кезінде «Мен істедім дегенше, мың істеді десеңші» деп басаталатын өлең-толғауын Мәлік оқып: «Бауке, толғауыңызды Махамбетше бастапсыз, өте дұрыс. Тек қорытындысын былай етсеңіз қалай болар еді» деп ақыл қосқанын айта келіп, «Мәлік қарапайым еді. Білімнің осы қара шаңырағында ректор болды. Ректормын демей, студенттермен шахмат ойнайтын» дегенде ду қол соғылды.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.