Қатты естілген дарақы күлкі екінші үстелде отырған адамдарды селк еткізді. Бірақ, көздері қызарған, сөздері бұзылған бір қауым жас жігіттердің, айналасына тудырған жайсыздықтары алаңдатпайтын да тәрізді. Олардың күні осылай қызық қуымен басталып, сілесе төсекке құлаумен жалғасып келе жатқанына айдан әрі асып бара жатыр. Өздерінен өзгені жандарына жуытпай, өз әлемдерінен ғана жылулық пен тыныштық тапқандай, тіпті шырылдап іздеген аналарына да уақыт бөлуге құлықсыз. Ызы- шу, орынсыз күлкі, арам пиғыл мен бұзылған ниет.
Азат жұмылған көзін ашуға именгенімен, алдында тұрған анасының басынан сипаған алақаны бойын өртеп кеткенінен болар, жанарын жатырқаса да жайлап ашты. Ойына өткен күн лезде оралмаса да, еміс — еміс есін жинай бастады. Күнделікті бас қосатын орындарына барып, есірткінің ләззатына бөленіп, сол күйімен көлікке отырып, үйіне қарай бет алды. Алдынан бірде тұман тәрізді, бірде қызылды — жасылды басқа әлемнің көрінісі жалт етеді. Туған шаңырағына жетем деген ойы жарты жолда апатпен аяқталғанын өзі толық сезіне алмады да. Тек есіне енді ғана түсіріп жатыр. Кенет денесіндегі өзгерісті сезгендей, жалма — жан тұла бойын сипап әлекке түсті. Бәрі орында сияқты. Жоқ, я, орында, жоқ, жоқ, аяғын сезінбейді. Бәрін бірден түсінді. Тамағына өксік тығылып, өкіріп жылағысы келді. Бірақ, кінәлі өзі екенін сезінген жүрегі көзінен жас шығаруға да мүмкіндік бермеді.«Қорлық» деді ішінен.«Қор болған жас өмірім».
Ауруханадан шыққалы Азаттың ойына түрлі ойлар келеді. Өткен күндеріндегі барлық қызықты есірткіден іздеп, тапқанын соған жұмсап, жасы жиырма беске келсе де анасына бір гүл сыйлай алмағаны жанын езіп жібергендей болып, елпек қағып «құлынып» деп жүгірген шешесінің бетіне тіке қарай алмай жан — дүниесін өкініш керней түсті. Ішінен ғана кешірім сұрауға батылы жеткендей.
Кенет терезеден қараңдаған бейнелер көрінді. Бағлан келіншегі мен екі баласын жетектеп кетіп бара жатыр екен. Көздерінде қуаныш. Кеше анасының: «Сыныптасың Бағлан докторлық диссертациясын үздік қорғапты» деген әңгімесін есіткен болатын. Соны отбасылық атап өтуге дәмханаға қарай бара жатқанын аңғарды. Терең күрсінді. Есірткімен елірген көңілден тапқан мүгедек бейнемен, сыныптасының қайғысыз шадыман отбасына қызыға қарай берді. «Өміріңді өзің жақсылықпен жалғамасаң, оның сыйы да соған қарай оңайға түспейді екен» деп көзін тарс жұмды. Ашқысы келмейді көзін, өзінің мүшкіл халіне есірткімен қоса өзін де деп кінәлап, жұмулы көзінен жас тоқтаусыз ағып жатты.
Білім іздеген биікке жетер, есірткімен қызық іздеген күйікпен өтер деген осы.
Жанқожа батыр атындағы #269 орта мектептің
10 “а”сынып оқушысы
Ермаханова Мариям