Сталиннің алдында намаз оқыған қазақ

0 91

Жыр алыбы – Жамбылдың атасы Ыстыбай атағы алысқа кеткен, ел басқарған адам болыпты. Өз әкесі Жапа да үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдаған дәулетті адам болса керек. Халық кейін Жабай деп атап кеткен оны Кеңес өкіметі сол кездің саясатына сәйкес кедей, жұпыны тұрмысты адам ретінде көрсетіп келген.
Жамбыл ақындық қуып, өлең жолын таңдаса, ағасы Тәйті әке дәулетіне ие боп қалған, Тәймөңке әулиенің мешітінде Әбдіқадыр молдадан діни сауатын ашқан, бес уақыт намазын қаза етпеген адам екен. Жамбыл атамыз осы Тәйті ағасын кейінге дейін жиі еске алып отырыпты. Жәкеңнің айтуынша, Тәйті екі рет қажылыққа барған.Алғашқы сапарында Абайдың әкесі Құнанбаймен, Кіші жүздің әлім руынан шыққан Мырқы деген қажымен танысады. Құнанбайдың бастамасымен қазақ қажылары түсетін Тақияны салысуға Тәйті мен Мырқы да атсалысыпты. Қажылықтан келгеннен кейін дүниеге келген ұлына Тәйті «Досымның баласының атын қоямын» деп «Абай» деген есім беріпті. Сол Тәйті қажылыққа екінші барарында қайтпасын сезіп, бауыры Жамбылға: «Шырағым, Жамбыл, тентегім. Сен еркелікті қой, үйге, шаруаға қара. Аман қайтсам, қолыңнан алармын, қайтпай қалсам, о дүниеде оң қолыңнан алайын», – деп артындағы 8 жасар ұлын аманаттапты. «Алла түсімде аян берді, сүйегім Мәдинада қалады-ау», – депті оған қоса. Айтқанындай, Тәйті сол қажылық сапардан оралмаған екен. Сүйегі талай қажы «осында қалсам» деп армандап баратын, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жамбасы тиген топырақта – Мәдинада жатқан көрінеді…

Ағасы Тәйті секілді Жамбыл ақын да көзі тірісінде бес уақыт намазын қаза етпеген.
Жамбыл жыраудың Кремльде, Сталиннің алдында намаз оқығаны бұл күні халық арасында аңыздай әңгімеленеді. 1936 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде қазақ басшылары көптеген өнер адамдарымен бірге жасы 90-ды алқымдаған Жамбыл ақынды да алып барыпты. Кремльде Сталинмен кездесуді күтіп тұрған басшылар сәлемді алдымен Жамбыл беруі керек деп шешеді. Бір кезде алтын есікті айқара ашып, Сталин бастаған политбюро мүшелері түгел көрінеді. Қарсы алып, сәлем беретін Жәкең жоқ. Бәрі жабылып, ақынды іздесе, Жәкең мәрмәр еденге шапанын жайып тастап, уақыты келіп қалған намазын оқып отыр деседі. Сасып қалған басшылар демдерін ішіне алып, үн-түнсіз тұрып қалады. Сталин ғана қорқорын саусағына тықылдатып: «Әр ұлт өзінің дінін құрметтеуі керек», – деп күлімсіреп, халық сыйлаған ақынға кеңшілік жасаған екен. Жәкең асықпай намазын бітіріп, шапанын киіп, белбеуін буынып, бері бұрылып: «Ассалаумағалейкум, Стеке!» – деген көрінеді. Осы оқиғаның куәгеріндей болған сол жерде түсірілген фотосурет Жамбыл музейінде сақталып, кейін жоғалып кетіпті. Намазына осылай беріктік танытқан Жамбыл ата әр өлеңі, жыр-қиссасын бастарда Аллаға бір сыйынып алып: «Сөзімнің басы – бісміллә, бісмілләсіз іс қылма», – дейді екен. Тек хатшылары оның жырын қағазға түсірерде кеңес саясатына қарсы келетін сөздерді жазбай кетіп отырған.

ХХ ғасырдың Гомері атанған жыраудың артында халқына мынадай «Өсиеті» қалды:
«Ой-хой, дүние, серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе лебіз – шықса жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдан таралып,
Сөз нұсқасы келінген.
Дос-жаранға, кем-тарға,
Қайырлы бол делінген.
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?
Дәулетіңнен не пайда?
Таусылмастай көрінген.
Жалғыз мұраң сол болар,
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де
Көмілмейді кебінмен»…

Ж.ЖАНДОС
otarka.kz
 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.