Азық-түлік сатып алар кездегі ақша үнемдеу жолдары

0 22

Күннен күнге азық-түлік қымбаттап жатыр. Сондықтан бюджетті басқару біліміңізді арттыруды және дүкенге барарда алдымен біз ұсынған бірнеше кеңеске көз жүгіртуді ұсынамыз.

Дүкенге ашқарынмен бармаңыз
Дүкенге қарныңыз ашып тұрғанда барсаңыз, азық-түлікті ақылмен емес, жылдам тамақ жеуді ойлап аласыз. Сондықтан ол артық шығынға әкеледі. Сол үшін үйден толыққанды тамақтанып шығыңыз, ал егер уақыт болмаса, жолда ең болмағанда банан немесе алма жеп алыңыз.

Азық-түлік тізімін жасаңыз
Супермаркетке кіргеннен қызығатын заттар көп болатыны анық. Негізгі қажетті азық-түлікті ғана алу үшін және қандай да бір өнімді алуды ұмытып кетпес үшін нақты тізіммен шыққан дұрыс. Сондай-ақ сол тізімді сақтауға тырысыңыз. Егер дүкенге балаларыңызбен барсаңыз, үйден шығарда тізім жазғаныңызды оларға көрсетіңіз және олардың алғысы келетін заттарын сұрап, тізімге қосыңыз. Содан соң дүкенде тек сол үйде сұраған заттарын ғана алып беруге тырысыңыз.

Өнімдердің жарамдылық мерзімін тексеріңіз
Кейде тоңазытқышты қажетті тауарлармен толтырып қойсаңыз, кейбіреулерінің жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, жеп үлгермей қалатын кездер болады. Нәтижесінде, ысырап және артық шығын болады. Тек қажетті өнімдерді алу үшін тоңазытқышыңызда не жатқанын және не керегін бақылаңыз. Ол үшін бір параққа үш бөлікке бөлінген кесте сызыңыз да, оны тоңазытқышқа іліп қойыңыз. Бірінші бағанға 2-3 күн сайын сатып алу керек азық-түлікті жазыңыз: мысалы, нан, ботқаға және сүтке қосатын сүт және таңғы асқа қажетті жұмыртқа. Екінші бағанға 1-1,5 аптада алу керек өнімдерді қосыңыз: макарондар, ет өнімдері, тұздықтар (томат пастасы). Ал үшінші бағанды 1 ай немесе одан да көп уақытқа жететін өнімдерге арнаңыз. Бұл жерге жармалар, ұн, қант және т.б жатуы мүмкін. Содан соң тоңазытқыштағы азық-түліктерді бір қарап шығып, жарамдылық мерзімдері өтуге жақындағандарын сөренің алдыңғы жағына қарай ысырып, көзге көрінетіндей етіп қойыңыз.

Дисконттық карталарды немесе купондарды ұмытпаңыз
Бұлар арқылы азық-түлікті жақсы жеңілдікпен алуға болады. Кей супермаркет желілері жинақтаушы жүйені ұсынады.

Дүкенге жақсы көңіл күймен барыңыз
Жақсы көңіл күймен жүрсеңіз, аяқ асты қажетсіз заттарды алмайсыз. Оған қоса, жақсы көңіл күймен жүрсеңіз, азық-түлікті асықпай қарайсыз. Сондықтан акциялық тауарларды көбірек табасыз.

Азық-түлікті таныс жерден алыңыз
Бұл ережені қатты шаршап тұрғанда орындаған жөн. Жақсы танитын супермаркеттің ішінде қажетті бөлімді іздеуге уақыт кетірмейсіз. Әйтпесе, шаршап немесе асығып тұрғанда таныс емес дүкенге кірсеңіз, қандай да бір өнімді қымбатырақ бағаға немесе тіпті, қажет емес зат алып шығуыңыз әбден мүмкін. Жаңа және таныс емес дүкенге шаршап тұрмағанда және басқа ештеңе алаңдатпайтын кезде баруға болады.

Жемістер мен көкөністерді базардан алыңыз
Қалаңыздан демалыс күндері өткізілетін жәрмеңке тауып алыңыз. Жемістер мен көкөністерді осындай жәрмеңкелерден немесе базардан алыңыз. Себебі мұндай жерлерде супермаркеттерге қарағанда жаңа піскен түрлеріне тап боласыз және бағасы да қолжетімді болады.

Кей өнімдерді артығымен алыңыз
Кей азық-түлік, мысалы, бакалея бірнеше ай қатарынан сақталады. Олардың осы қасиеттерін пайдаланыңыз. Қажетті жармаларды, макарондарды, ұнды және дәмдеуіштерді үлкен қаптамада алыңыз. Сол секілді үй жинауға және гигиенаға арналған тауарларды да көп мөлшерде ұсынылған түрін алған жөн. Себебі көп жағдайда үлкен қаптамадағы азық-түлік оның кішкентай қаптамасындағы түріне қарағанда сәл арзанырақ болады және  содан соң бірнеше ай қатарынан сол өнімді алу қажеттілігі туындамайды.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.