Ең бірінші Адам ата жерге түскеннен кейін қарны аша бастапты. Сол кезде Алла Тағалам оған тамақ үйретуге Жебірейіл періштені жіберіпті. Періште Жаратқанның айтуымен Адам атаға ас пісіріп үйретіпті.
Əйелден бұрын тамақ істеуді еркек үйренген. Жебірейіл періштенің үйретуімен əбден ас пісіруді меңгерген Адам ата шебер аспаз болған (байқасаңыздар, əлі күнге дейін мейрамханалардағы аға аспаздардың басым бөлігі-еркектер).
Ас пісіруге шебер Адам ата бір күні Хауа анаға:
-Сен ас жасауды үйрен. Мен саған қалай жасау керектігін көрсетейін. Ертең мен аң аулауға кеткенде өзіңе керек болады,-дей бергенде, анамыздың қолдары ренжіпті.
-Ол бізбен қалай ас пісіреді? Баланы жуындырады, оның үлкен жəне кіші дəретін ұстайды, таза емес қолдарымен тамақты қалай жасайды?-депті.
Сонда Алла Тағала:
-Олай болса, əйел қолдарына алтын, күміс,гауһардан білезік тақсын. Осы үшеуін тақса, істеген тамағы таза болады,-деп жауап беріпті.
Мұны естіген Жебірейіл періште Хауа ананың қолына біреуін алтыннан, біреуін күмістен,біреуін гауһардан-үш білезік тағыпты.
-Бұл əйел бізді əр нəрсеге салып былғайды,-деп реніш білдірген алтын тастың ішіне, гауһар судың ішіне секіріп кетіпті. Жалғыз күміс қолында қалыпты.
Содан бері алтын тастан, гауһар судан шығатын болыпты. Алла Тағаланың құзыретінен аса алмай, адал қызметші ретінде күміс əйелдің білегінде қалыпты. Тамақ істеген кезде күміс тағар болса, тағам таза һəм дəмді болатыны осыдан екен. Содан бері «Алтын бойдағы ауыртпалықты анда-санда алады, күміс Құдайдың құтты күні алады» деген аталы сөз қалған екен.