Сарапшы тәжік-қырғыз шекарасындағы жанжалға қатысты: Саясаткерлер нақты шешімге баруы тиіс

0 13

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасындағы қақтығыс пен оның негізгі себептеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды  , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

«Осындай қақтығыстар мен шиеленістердің басты себебі Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының аяғына дейін анықталмауына байланысты. Өздеріңіз білесіздер, шекараны айқындауда делимитация мен демаркация деген екі кезең болады. 900 шақырымнан астам шекараның 500 шақырымға жуығы ғана құжаттармен бекітілген. Қалған бөлігі бойынша көптеген дау-дамай әлі күнге дейін туындап келеді. Атап айтқанда, Бішкек те, Душанбе де мұндай қадамға баруға өзінің саяси күш-жігерінің аздығын көрсетіп отыр. Қырғыз және тәжік билігі үшін бұл өте сезімтал мәселе. Кез келген қоғамда билік өзінің рейтингілерін түсіріп алмау үшін шекара мәселесіне келгенде, ұлтшыл позицияны ұстанады», — деді Ж. Сарабеков.

Оның пайымынша, екі ел арасындағы шекара мәселесінің толықтай шешілмеуі қос мемлекеттегі саяси ойыншылардың мүдделі болмауына байланысты болып отыр.

«Жалпы, шекараны құжат жүзінде айқындау шынымен де қиын процесс. Көп жағдайда шекараларды техникалық тұрғыда анықтау оңай емес. Бұл тұрғыда кейбір елді мекендер Қырғызстан немесе Тәжікстан жағында қалып кетуі мүмкін. Одан бөлек, кейбір жағдайда келіссөздер барысында мемлекеттер шекара мәселесін шешу үшін елді мекендермен алмасады. Бұл жағдай да күрделі процесс, шекара маңындағы жергілікті тұрғындар да қарсылық танытатыны түсінікті. Сондықтан кез келген мемлекет пен қоғам үшін ұлттық шекара тақырыбы өте сезімтал мәселе. Шекаралас аймақтардағы ауылдар тығыз орналасқандықтан, қақтығыстар тұрмыстық шиеленістен басталады. Кейіннен екі мемлекеттің қарулы күштерінің қақтығысына ұласып кетуі өкінішті жағдай», — деді сарапшы.

Жұмабек Сарабековтың сөзіне қарағанда бұл мәселені жақын арада шешуде тараптардың ұлттық сезімдерге аса мән беруі кедергі болуы мүмкін. Саясаткерлер нақты шешімдерге бармаса, қақтығыстар ары қарай жалғасуы ықтимал.

Бұдан бұрын хабарланғандай, екі елдің әскери қызметшілері Баткен ауданына қарасты Төрт-Көчө деген жерде бір-біріне оқ жаудырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.