Ақша-кредит саясаты қашан жеңілдетіледі

0 316

Базалық мөлшерлемені одан әрі арттыру әлеуеті шектеулі. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инфляция болжамды траекторияға байланысты қалыптасуына қарамастан, проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Инфляцияның негізгі тәуекелдері: сауда құрылымының өзгеруі, жеделдеген инфляциялық күтулер, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы, әкімшілік реттеу кезеңінен кейін реттелетін тауарлар мен қызметтер инфляциясының артуы, Украинадағы соғысқа қатысты белгісіздік. Әлемдегі ықтимал рецессия кезінде сыртқы сұраныс біз болжағанға қарағанда төмен болуы мүмкін. Логистика шарттары да белгісіздік тудырып отыр. Мұның барлығы мұнай бағасының болашақтағы деңгейіне, экономиканың өсу траекториясына ықпал етуі мүмкін», — деді ҚҰБ төрағасы БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде.

Оның атап өтуінше, инфляция базалық сценарийге сәйкес қалыптасатынын ескеріп және тәуекелдер балансын назарға ала отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклінің аяқталуға жақындағаны туралы ұстанымын сақтайды. Жаңа шоктар болмаса базалық мөлшерлемені одан әрі арттыру әлеуеті шектеулі.

«Инфляциялық күтудің жоғары деңгейде тұрақталуының проинфляциялық тәуекелдерін ескере отырып, базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы осы мәнде ұстап тұру талап етіледі. Ақша-кредит саясатын жеңілдету инфляция мен инфляциялық күту тұрақтанған кезде мүмкін болады. Бұл орта мерзімді перспективада нысаналы бағдарға жетуге мүмкіндік береді», — деді Ғалымжан Пірматов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.