5 жылға арналған жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілмек

0 66

2023-2027 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілуі мүмкін. Құжатты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ашық талқыға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұжырымдама 6 бөлім және 7 тараудан тұрады. Онда қазіргі жастар арасындағы өзекті мәселелер, оларға әлеуметтік желілердің әсері, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы талдаулар мен ұсыныстар қамтылған.

«Жастар саясатының тұжырымдамасы егеменді Қазақстанның жаңа сын-қатерлері тұрғысынан жастардың өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған процестерді қамтиды. Сондай-ақ жастарды қоғамға әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан интеграциялау саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды. Қазақстанның ұлттық экономикасының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі іс жүзінде адами капитал тұрғысынан республиканың болашағына салынған стратегиялық инвестициялар болып есептелетін жастардың даму жағдайына тікелей байланысты», — делінген құжатта.

Министрлік ақпараты бойынша тұжырымдаманы бекіту сапалы жастар саясатын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

«Жобаны қабылдау жастар саясаты саласындағы іс-қимылдардың бірыңғай алгоритмін құруға, құқықтық алаңда бекітілген жастар әлеуетін іске асыруды ынталандыру тетіктері мен құралдарын қайта қарауға және өзектендіруге мүмкіндік береді», — деп түсіндірме берілген тұжырымдаға.

Ведомство болжамынша, тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2027 жылға қарай кәсіпкерлікті дамыту жобаларына қатысатын жастардың үлесі 10%-ға дейін артпақ. Бұған қоса, NEET санатындағы жастардың санын 5,8%-ға дейін төмендету жоспарланған.

Құжатта қамтылған ұсыныстар мен жоспарлар туралы мына сілтеме арқылы өтіп, толық танысуға болады.

2023-2027 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасы 26 қаңтарға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін ол қол қою үшін Үкімет басшысына жолданады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.