«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 50 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 20 жоба іске асып, тағы да 30 жоба қазіргі таңда жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Арнайы экономикалық аймақта 28 млрд теңге инвестиция салынған каустикалық сода және құрамында хлоры бар өнімдер шығаратын зауыт, инвестициясы 1,7 млрд теңгеге химиялық өнімдер шығаратын зауыт, 1,1 млрд теңгеге биг-бэгтердің жұмсақ қаптама ыдысын өндіру зауыты және 14,2 млрд теңге инвестицияға сорғы штангілер мен оған қажетті муфталар шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр.
«Ақтау теңіз порты» АЭА инвестициясының жалпы көлемі 285,3 млрд теңге, оның ішінде шетелдік инвестиция – 169 млрд теңге. 411,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді, 1377-ден астам жұмыс орны ашылды, салық төлемдерінің көлемі 54,8 млрд.теңгеге жетті. Сонымен қатар 2,7 млрд.теңгеге өнім экспортталды. 1 теңге бюджеттік инвестицияға 36,6 теңге жеке инвестиция тартылып, 7,1 теңге салық аударымы төленді» делінген баспасөз мәліметінде.
Ал 2017 жылы іске қосылған «KAZAKHSTAN PIPE THREADERS» (Tenaris) ЖШС премиум класты газ өткізбейтін бұрандалы құбырлар шығаратын зауыт бар. Жоба нәтижесінде 70 жұмыс орны ашылған.