Таныстарым «неге көше сыпырып жүрсің?» деп таңғалып жатты: Желіде танылған «Аппақ келін» шынайы өмірі жайлы айтып берді
Жақында желіде “аппақ келін” атанған афроамерикалық арудың қазақ ауылында қызмет етіп, көше сыпырып, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап жүрген видеолары таралған еді. Көпшілік арудың шығу тегіне, ерекше сұлулығына тамсанып, оны келін етіп алған шаңырақ жайлы түрлі пікірлер жазысты. Желі жұлдызына айналған ару 27 жастағы Кулибали Фатима – модель, актриса. Stan.kz тілшісі арудың қалай қазақ келіні “атанғанын” сұрады.
Фатима – модель, қазір кино саласында актриса ретінде көрініп жүр. Жақында ол жергілікті компаниялардың бірінен “Аппақ келін” телехикаясында басты рөлді сомдауға ұсыныс алған. Туынды авторлары келіннің образын барынша шынайы етіп көрсету үшін телехикая жарыққа шыққанша басты кейіпкер Лияның шынайы болмысын құпияда ұстаған. Лияның, яғни қазақ келінінің рөлін сомдаған Фатима өмірі мен телехикаядағы образы арасында жер мен көктей айырмашылық барын айтады.
“Алматы қаласында туып-өстім, қазір осында тұрамын. Кішкентай қызым бар, жасы 6-да. Негізінен кинокартинаға келу өте жеңіл болды. Маған “Salem Social Media” компаниясының кастинг директоры хабарласып, екеуара келісімге келдік. Шынымды айтсам, бұл ұсынысқа бірден келісім бере алмадым. Себебі, бұл рөл басында маған түсініксіздеу болды, сонымен қатар өзімде кішігірім қиындықтар бар еді.
Жалпы түсірілім барысында келіннің рөлі мен үшін оңай болған жоқ. Себебі мен қазақы салт-дәстүрлерден алыс адаммын. Оның үстіне менің бойымда қазақтың қаны жоқ, сол себепті бейімделу қажет болды.
Әкем – Малиден (малилік), ал анам – жартылай орыс, жартылай татар ұлтынан”, – дейді ол.
Өз басымнан өткергендей сезімде болдым, жыладым
Басты қиындық рөлге толықтай үйреніп, барынша енуімде болды дейді Фатима. Айтуынша, бұл фильмдегі рөл шынайы өміріне қарама-қайшы.
“Яғни мен дәл мұндай қағидалармен өмір сүрмеймін, бұл маған таңсық болды. Әрине, бұл образ – мен үшін өте керемет жаңа тәжірибе. Түсірілім барысында әртүрлі сезімді бастан өткердім. Шамадан тыс күлкілі сәттерден бастап жылаған сәттерге дейін. Расымен де, моральдік тұрғыдан қиынға соқты. Яғни осы эмоциялардың барлығын бойға сіңіріп, образға толықтай ену қажет.
Келіннің образына сіңісу керек болды. Қамажай апай (туындыдағы Лияның енесі) фильмде көзіме көк шыбын үймелетеді. Мен үшін ең қиыны – қақтығыс сәттері, әсіресе фильмдегі енем екеуміздің арамызда орын алған түсініспеушіліктер. Сол кезеңді расымен де өз басымнан өткергендей сезімде болдым, жыладым. Тіпті түсірілім аяқталғаннан соң да біраз уақыт өз-өзіме келе алмадым”, – дейді актриса.
Қазақтың келіні болу деген не екенін толықтай сезіндім
“Шынымды айтсам, келін болуды толықтай сезіне алған сияқтымын. Қазақтың келіндері мықты деген қорытындыға келдім. Жаңа отбасыға бару үшін, жаңа барған үйдің белгілі бір салт-дәстүрін қабылдап, сол бойынша жаңа өмірді сүріп, еріңнің артынан толықтай еру үшін қаншалықты деңгейде адамды сүю қажет деген ойға қалдым. Расымен, бұның барлығы қиындау.
Телехикая көпшілікті таңдай қақтырды. Көптеген оқырманым: «Шынымен де, бұл сіз бе? Расымен де тұрмысқа шықтыңыз ба?» деген сияқты таңданыспен сауал жолдаған болатын. Олардың арасында тіпті менің таныстарым да мен түскен видеоларды жіберіп: «Сен онда не істеп жүрсің? Неге көше сыпырып жүрсің?» деген жағдайлар да кездесті”, – дейді ол.
Өз-өзімді аттап өтуім қажет болатын сәттер болды
Фатима бұл рөл өзіне таңсық болғанымен, бұған дейін де ауылдарда бірнеше мәрте болғанын, ауыл тіршілігімен таныс екенін айтады.
“Әрине, бұл ауылда жүріп, сиыр саудым деген сөз емес. Жалпы, кез келген нәрсеге, жағдайға ашық адам болған соң, келеңсіз жағдайлар болмады. Жалпы рөліме байланысты қиын болған әрекеттер орын алған жоқ. Бірақ енем екеуміздің қарым-қатынасымыз кезінде әрқашан өз-өзімді аттап өтуім қажет болатын. Себебі, жоғарыда айтып кеткенімдей, мен экранға қарағанда шынайы өмірде басқа адаммын. Дегенмен де, бұл рөлді алып шықтым деп ойлаймын.
Мен сомдаған келін образы жайлы айсам, оның есімі Лия. Ол – кениялық ару, Найро́би қаласынан. Лия – өзінің күйеуін өте қатты жақсы көреді. Тыңдайды. Бірақ жекелеген сәттерде өзінің мінезін көрсете алады. Былай айтайын: барлығын көтеріп жүріп, бір күні жарылуы мүмкін. Есімде қалғаны, мен үшін ең ауыр болған сәт, яғни көз жасыма ерік бергенім.
Енем – өктемшіл әйел, өзгелердің пікірі ол кісі үшін маңызды, «ұят» деген сияқты қағидаларды алға қояды. Ауылда алдыңғы қатарда, құрметті адамдардың санатында болуды қалайтын адамдардың қатарынан. Әрине, ол кісі үшін де бұл образ оңай болмады.
Жолдасым әрине, бір жағынан, мені қолдауға тырысады. Алайда екінші жақта ата-анасының көңіліне қарайды. Бір сөзбен айтқанда, екі оттың ортасында жүрген азамат.
Бізде көп отбасылар осылай өмір сүреді
Менің жоспарларым Наполеондікіндей ғаламат. Иә, мен кино саласындағы мансабымды әрі қарай жалғастырамын деп ойлаймын. Менің қолымнан келетін сияқты. Өз басым үлкен реакция күтпеймін. Бұл жоба көрермендердің көңілінен шығады деген сенімім бар. Себебі бұл жоба шынайы өмірді көрсетеді. Көптеген отбасылар осылай өмір сүреді. Өкінішімізге әлде қуанышымызға орай. Сондықтан бұл жоба жанды жерден ұрғандай дәл қазақ қоғамына керек сияқты.