Бүгін әлемдік деңгейдегі танымал әнші, композитор, мультиинструменталист Димаш (Дінмұхаммед) Қанатұлы Құдайбергеннің туған күні. Әнші 30 жасқа толды.
Димаш Құдайберген Ақтөбе қаласында туған. Ата-анасы — танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар.
Ол алғаш рет спектакльде ойнап, көпшілікке таныла бастады. Бес жасында тұңғыш рет музыкалық колледж сахнасында ән салған.
Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанды.
2010 жылы «Байқонырдың әсем дауыстары» Халықаралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанды.
2012 жылы «Жас қанат» республикалық жас ән орындаушылар байқауының Гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы «Восточный базар» халықаралық байқауында І жүлде лауреаты атанды.
2013 жылы Димаш Құдайберген «Мейкин Азия» І халықаралық фестивалінің жеңімпазы болды. Сонымен қатар Витебск қаласында өткен XXIV халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған.
2015 жылы 28 қазан күні Ыстанбұлда Димаш Құдайберген «Abu TV» Халықаралық Азия-Тынық мұхит фестивалінда Қазақстан Республикасының атынан алғаш рет қатысты.
2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдап, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «эстрада өнері» факультетіне түсті.
Димаш қазақ, ағылшын, орыс, қытай, серб, итальян, француз, тағы басқа тілдерде ән орындайды.
Қытайдың I am a singer (Мен әншімін) телебайқауына қатысып, сайыстың барлық кезеңінен өтіп, екінші орынды жеңіп алды. Аталған жобаны Қытайдың ең ірі Hunan TV телеарнасы көрсетті.
2017 жылы Димаш Азияның «Грэммиі» саналатын «Top Chinese Music Award» сыйлығының «Азияның ең танымал әншісі» аталымында жеңіске жетті. Мұнан бөлек көптеген халықаралық жүлделердің иегері.
Өнер иесі 30 жасын Түркияда қарсы алды.
Димаш Құдайбергеннің дүние жүзі бойынша жанкүйерлері сүйікті әншісін 30 жасқа толған мерейтойымен құттықтап жатыр. Әсіресе, Ұлыбританиядағы тыңдармандары белсенді.
Жуырда Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде көптеген ұл-қыздың ерекше дарынымен бүкіл әлемді таң қалдырып жүргенін атап өткен болатын. Тіпті, қазақ фонемені деген ұғым пайда болғанын айтты. «Димаштың бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның Әнұранын айтып, көк туын желбіретіп жүр. Өнердің құдіреті дегеніміз де осы», — деген еді Президент.
Айта кетсек, Куала-Лумпур әуежайында Қазақстан әнұранын шырқаған дүкен қызметкерінің видеосы TikTok желісіне кеңінен тараған еді. Қоғам мұны «Димаштың әсері» деп бағалады. Kazinform тілшісі Малайзия әуежайының қызметкерінен эксклюзивті сұхбат алды.
Биыл жаңа жыл мерекесінде Димаш Құдайберген Ақордада симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен әнұранымызды шырқаған болатын.