Жамбыл облысы әкімдігі басқармасы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» мекемесінің футболшы балаларынан құралған «Тұлпар» кіші футбол командасы жақында Алматы қаласында «Қайрат» футбол клубының орталық стадионында кіші футболдан өткен жетім және мектеп — интернаттардың балалары арасындағы «Арманыңа жақында» атты VІІ жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында сәтті өнер көрсетіп қайтты. «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастырған чемпионатқа еліміздің әр аймағынан 12 команда қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жамбылдық «Тұлпар» командасы топтық кезеңде павлодарлықтарды 3:2 есебімен ұтса, қарағандылық «Құлыншақ» командасымен 1:1 есебімен ұпай бөлісті. Жерлестеріміз жартылай финалда Қарағандының «Таңшолпан» командасын 1:0 есебімен ұтса, финалда дәл осындай есеппен қостанайлық «Бүркіт» командасыннан басым түсті.Сөйтіп, бапкер Ербол Бектіғұловтан тәлім алып жүрген жамбылдық команда біріншіліктің жеңімпазы атанып, Испанияға демалыс жолдамасын жеңіп алды. Николай Доможиров чемпионаттың «Үздік қорғаушысы» атанса, шабуылшылар Анатолий Литвинов пен Владимир Ануфриев ұрымтал сәтте жеңіс голын соғуымен ерекшеленді.
«Біз қатты қуанып тұрмыз. Бұл жеңісті біз көп армандадық, командамызбен бар күшімізді салдық. Біз барлық бала армандайтын «Реал Мадрид» футбол клубы мен атақты «Сантьяго Барнабео» стадионын көреміз. Алматыға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген футболшыларға сәттілік тілеймін. Барлық команда мықты болды», — дейді «Тұлпар» командасының ойыншысы Темірлан Донилко.
Сондай — ақ Есімжан Шәбден, Александр Чеславлев, Руслан Алиакпаров, Темірлан Донилка, Книяз Орловский секілді ойыншылар да жеңіске үлес қосқанын айта кетейік. Бұл Айжан Мейірханова басқаратын мекемеде спортқа жоғары деңгейде көңіл бөлінетінін байқатады. Енді Ербол Бектіғұловтың шәкірттері Испанияда көңілді демалыс өткізіп, әйгілі «Реал Мадрид» командасының ойыншыларымен жүздесіп, естелікке суретке түсетін болады.
Айта кетейік, Қазақстандағы балалар үйінің жеткіншектері арасындағы «Арманыңа жақында» атты футбол ойыны «BAURZHAN» қайырымдылық қоры, Қазақстан футбол Федерациясы, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұйымдастыруымен өтті.