Ел тарихы жеке жұрнақтармен емес, тұтас қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан түсінікті болуы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарсаңда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық мақаласында түп тамырымызға, ұлттық тарихымызға тереңірек бойлай отырып, оның күрмеулі тұстарын кеңінен тарқатып берді.
Ұлы даланы, оны мекендеген халықтың арғы-бергі тарихын, ел басқарған тұлғаларын, тағылымын, салт-дәстүрі мен өмір сүру укладын, ілімі мен білімін, мәдени-рухани жауһарларын, табиғатын әсерлі баяндай отырып, Ұлы даланың бүгінгі заңды мұрагері — Қазақ елінің, ұлтының жетістіктерін айдай әлемге тағы бір мәрте паш етті.
Мақалада Ұлы дала жұртының ілім-білімде Әл-Фараби мен Ясауиді, әскери өнерде Күлтегін мен Бейбарысты, ел басқаруда Әз Тәуке мен Абылайды, Кенесарыны, даналықта Абайды пір тұтатыны атап көрсетіледі. Осы ретте Елбасы есімдері тарихта қалған ұлы тұлғалардың құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынады.
Президент бір сөзінде «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ешнәрсе жоқ» деген-ді. Осы тұрғыда алғанда бұл мақала әлемдік өркениет көшіне ұмтылған Қазақ елінің беделінің арта түсуіне өзіндік үлес қосары анық. Біз кешегі баһадүр бабаларымыздың жалғасы — Ұлы дала перзенті екенімізді әрдайым мақтан етеміз!
Аманжол қажы Дүрәліұлы «Ақментей» ҚБ төрағасы.