Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қараша күні жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына Жуалы аудандық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының «Орталық» БПҰ төрағасы, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары, «Самұрық-Жастар» ЖҚБ төрағасы Руслан Сайлаубаевтың пікірі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Меніңше, бұл мақаладағы іске асырылатын жобалар халқымыздың тарихи танымы терең, мекен еткен жерінің әдебиеті мен мәдениеті жайында әлемге барынша мағлұмат бере алатындай маңызды жобалар деп есептеймін. Мәселен, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейін» ашу, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын іске асыру тарихымызды тереңінен жаңғыртуға мүмкіндік береді. Өйткені, тарих — ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды.
Сондықтан төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.