Сыздауықты сығуға болмайды! Ол несімен қауіпті?

0 1 896

Кей адамдар сыздауықты безеу сияқты нәрсе деп ойлап, ол өздігінен кетеді деп жүре береді. Бірақ олай емес. Сыздауық — фолликулдың және оның айналасындағы дәнекер тіннің  іріңді қабынуы. Сыздауықтың пайда болуы, әдетте, патогенді микроағзалармен (жиі стафилококк) байланысты. Егер денеңізге сыздауық немесе басқа да іріңді түзіліс шықса, оны дерматолог дәрігерге көрсету керек.

Әрбір адамның терісінде май бездеріне ашылатын көптеген фолликулдар бар. Оның ішіне инфекция кірген кезде кейде іріңді қабыну пайда болады. Бұл жиі иммунитеті әлсіз адамдарда болады. Тері қабынуының басқа түрлеріне қарағанда сыздауық тек шаш өсетін, яғни, шаш фолликулдары бар жерлерге шығады.

Сыздауық жиі мына жерлерге шығады:

— желке;
— бет;
— мойынның артқы жағы;
— бөксе;
— шап;
— бел;
— аяқ;
— қол.

Сыздауық бастапқыда қызарып шығады, содан соң «пісе» бастайды. Қатаяды, содан кейін ғана қабынған іріңді түйіншек пайда болады.  Сыздауық үлкейген сайын сыздап ауырады. Кейде дене температурасы көтеріледі және лимфалық түйіндер ісіп кетеді. Сыздауық өздігінен ашылуы мүмкін. Ол кезде ішіндегі барлық ірің шығады, сол кезде ауырғаны да басылып, шамамен екі аптадан соң өздігінен кетіп қалады.

Сыздауықты қалай емдейді?

Егер денеңізден мұндай қабынуды байқасаңыз, ең дұрысы — бірден дәрігерге көрсету. Әйтпесе, ірің терінің ішкі қабаттарына еніп, зақымдауы мүмкін. Егер сыздауықты дәрігерге бастапқы кезеңінде көрсетсеңіз, оны құрамында антибиотигі бар арнайы жақпа маймен кетіру мүмкіндігі бар. Егер сыздауық асқынып кеткен болса, дәрігер оны ашып, іріңнің сыртқа шығуына жағдай жасайды. содан соң ол жерге қалай күтім жасау керегін түсіндіреді. Оны спиртті ерітінділермен сүртуге кеңес беруі мүмкін.

Сыздауық несімен қауіпті?

Ең бастысы, сыздауықты өз бетіңізше сығуға болмайды! Шаш фолликулдары қан тамырлармен тығыз байланысты. Оны өз бетінше сығамын деп байқамай зақымдап алуыңыз мүмкін: бактериялар қанағымға түсіп кетеді. Ал бұл қанның улануы — сепсиске әкелуі мүмкін. Сол үшін де мамандар оны өздігінен емдеуге кеңес бермейді.

Сыздауықтың тағы бір қаупі — жұқпаның миға өтіп кету мүмкіндігі. Әсіресе, сыздауық бетте немесе мойында пайда болса, қауіпті. Себебі бұл жерлерде миды қанмен қаматамасыз ететін көктамырлар бар.

Қалай оның алдын алуға болады?

Егер сізге сыздауықтың жиі шығатынын байқасаңыз, оның алдын алып отыру керек. Мысалы, иммунитетті қатайтуға аса мән беріңіз. Ол үшін дәрумендер жинағын курспен ішу, таза ауада жиі серуендеу және рационды түрлендіру ұсынылады.

Сыздауықтың пайда болу қаупін азайту үшін гигиенаға мән беру керек: төсек-жабдықты жиі ауыстырыңыз, жеке гигиена құралдарыңызды басқалармен бөліспеңіз.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.