Жүйелі жұмыс жетістікке бастайды

0 1

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының іске асырылу барысында қала бойынша түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбековамен сұхбаттасқан едік.

– Ұлана Сламбекқызы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының Тараз қаласында жүзеге асырылу барысы туралы айтып өтсеңіз.

– Мақаланы жүзеге асыру мақсатында қалалық жұмысшы топ пен жобалық офис құрылып, бағдарламалық жұмыстар жүргізілуде. Облыстық жобалық офиске 25 жоба ұсынылды. Олар: «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша – 8 жоба, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша – 8 жоба, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша – 9 жоба. Бұл жобалардың жалпы құны 2 млрд 472 млн 750 мың теңгені құрады. Жобалардың барлығы жүзеге асырылуда.

– Аталған жобаларды іске асыруда қала азаматтарынан қандай да бір көмек бар ма?

– «Туған жер» жобасы аясында қалада меценаттар клубы жасақталды. Қала кәсіпкерлері өз бастамаларымен қаланы көркейту және инфрақұрылымдарын жақсарту жобаларын ұсынып отыр. Атап айтқанда, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов 12 талапкерге, оның ішінде «Тараз» футбол клубының қосалқы құрамының 9 футболшы, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін оқу грантына – 51 млн теңге, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров «Мыңбұлақ» мөлтек ауданында әмбебап спорттық кешенінің құрылысына – 10 млн теңге, «Бином» ЖШС директоры Қуат Баққараев компания атынан аз қамтамасыз етілген отбасыға 2 бөлмелі пәтерге – 12 млн теңге, «Альтаист групп» ЖШС президенті Әлімбек Жұмабаев «Баласағұн» музейінің құрылысына – 67 млн теңге көмек қолын созды. Сондай-ақ қалалық мәслихаттың депуттары 40 млн теңгеге тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мөлтек аудандарда бейнекамералар орнатуға демеушілік жасап отыр.

Бүгінгі күнге «Самал» мөлтек ауданында №25, 30 үйлердің ауласына қалалық мәслихаттың депутаты Руслан Кан 10 млн теңгеге бейнекамераларды орнатса, депутат Жұмабек Бөлекбаев 10 млн теңгеге спорт алаңшасын салу мақсатында орыны мен бөлінетін жер телімдерінің топ түсірімдері дайындалды. Кардиохирургия орталығының басшысы, жеке кәсіпкер С.Жошыбаев 7638 млн теңгеге 3800 науқасқа тегін тексеру жүргізуде. Ал «Жасұлан және Компания» ЖШС көмекке мұқтаж 1 студенттің оқу ақысына 592 мың 900 теңге көмек көрсетті.

– Бағдарламалық мақала аясында жүзеге асқан жұмыстар легін атап өтсеңіз.

– Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қалалық бюджеттен 1 500 000 теңге қаржыға «Елбасының мақаласы аясында атқарылған жұмыстар бойынша іс-шаралар өткізу» атты 1 жобаға байқау жарияланды, мамыр айынан бастап жоба жүзеге асырылатын болады. Жоғары және арнаулы оқу орындарында 13, орта мектептерде 12 «Рухани дамыту», «Рухани қазына», «Өнеге», «Зерде» орталықтары мен түлектер аллеялары ашылып, биылғы жылы осы орталықтарда 48 іс – шара

өткізілді. Сондай-ақ 2017-2018 оқу жылында мектеп оқушыларының бағдарламасына «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», арнаулы орта оқу орындарының студенттері үшін «Әдеби өлкетану» курстары енгізілді. Сонымен қатар әдеби Шерхан оқулары, белгілі спорт шеберлері, кәсіпкерлер және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер, акциялар ұйымдастырылуда. Өткен жылы «Бір сәби – бір ағаш» жобасы қалада бастау алып, облыстық перинаталдық орталық алдында жаңадан туылған сәбилер атынан ағаштар отырғызылып, егілген ағаштың төлқұжаты ата-аналарына тапсырылды. Биылғы жылы да бұл бастама өз жалғасын табуда. Жыл басынан жалпы бағдарлама аясында 247 іс-шара (21-конференция, семинар, 26-«дөңгелек үстел» отырысы, 29-кездесулер мен жиындар, 6-акция, 38-көрмелер, 40-байқау, 8-фестиваль, 18-экскурсия, 61 тағы басқа іс-шаралар) өткізіліп, 132 696 мың қала халқы (оның ішінде 66861 оқушы) тартылды.

– Мақалада көрсетілген «100 жаңа есім» бағдарламасы бойынша қалада қандай іс-шаралар ұйымдастырылды. Алдағы жоспар қандай?

– Тараз қаласынан «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 16 азамат ұсынылып, 4 азамат жеңімпаз болып танылды. Жоба жеңімпаздарының, оның ішінде облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сембек Сейдәзімов, Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХV жазғы Паралимпиадалық ойындарының жүзуден жеңімпазы Зульфия Габидуллина, Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың және футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны Бауыржан Исламхан қатысуымен қаладағы оқу орындарында, мекемелерде 15 кездесу ұйымдастырылып, жеңімпаздар 20-дан аса іс-шараға тартылды.

– «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша қандай жоспар бар?

– «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» электрондық картасына Тараз қаласының Қарахан, Тектұрмас кесенелері, Ежелгі Тараз қалашығы енгізілген. Алдағы уақытта Руxани жаңғыру бағытына сәйкес туризмді дамыту, өткен ғасырларды сипаттайтын орындарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда, Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ толығымен қайта жаңғырудан өтетін болады.

– Мақаланы қала тұрғындарына кеңінен жеткізу бойынша ақпараттандыру мәселесі қандай деңгейде?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық сүйемелдеу бойынша медиа-жоспар әзірленіп, бекітілді. Тиісінше ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Телеарналарда «Кісілік кітабы», «Салмақты сөз», «Өнер-Зерде», «Рухани жаңғыру», «Ұшқан ұя» телебағдарламалары арқылы сюжеттер, бағдарламалары көрсетілуде. Жергілікті басылымдарда «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Туған жерге туыңды тік!» атты арнайы айдарлармен мақалалар топтамалары жариялануда (81 материал), облыстық «JAMBYL» және «77TV» телеарналарынан тақырыптық сюжеттер көрсетілуде (79 сюжет). Ал әлеуметтік желілерде түрлі хештегтермен бүгінде материалдар орналастырылуда.Мақаланы қала тұрғындарына кеңінен жеткізу бойынша қалада барлығы 338 көрнекі ақпарат

құралдары орналастырылды (оның ішінде білім беру мекемелерінде 97 баннер, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ғимараттарында 76 баннер, 45 стенд, көшелерде 41 билборд, 1 брендмауэр, 2 арка, 64 жалауша, 12 лайтбокс). Алдағы уақытта да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша кешенді жұмыстар жалғасын табатын болады.

– Бағдарламалық мақала аясында көптің талқылауына түскен латын қаріпіне көшу де бар. Бүгінде қала бойынша осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

– Қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша жоғары оқу орындарында латын әліпбиін оқытатын арнайы кафедралар ашылып, «Латын әліпбиінің негіздері» атты арнайы оқыту курстары енгізілді.Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін насихаттауға бағытталған жоспар бойынша қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тарапынан іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жыл ішінде тақырыпқа сай іс-шара өткізілетін болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.