Ағымдағы жылдың 3 айында облыстың автомобиль жолдарына 1 мың 57 тексеріс жүргізілді, нәтижесінде 3 мың 508 кемшілік анықталған. Бұл туралы Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуат Мажикенов алқа отырысында айтты.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы өткен жиында аталған кемшіліктерді жою үшін тиісті нұсқамалар берілгені де белгілі болды. Автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудағы кемшіліктер және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жергілікті атқарушы және прокуратура органдарына 119 ақпарат жолданған..
Анықталған кемшіліктер бойынша автомобиль жолдарын сапасыз күтіп-ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 105 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
-Оның ішінде 15 мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары болса, қалған 90 хаттама заңды тұлғаларға қатысты жазылған. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 3 млн. 200 мың теңгеден асады,-деді баяндамашы.
Ал облыс бойынша орын алған жол көлік оқиғаларының50 пайызы қалаға тиесілі екен. Мәселен 2024 жылдың 3 айында жол-көлік оқиғалар саны 28,1% , қаза болғандар саны 33,3% (3-тен 4) және дене жарақатын алғандар 26,8% (179-дан 227) өскен. Олардың басым бөлігі жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған. Осыған орай, департамент өкілдері аталған құқық бұзушылықтар бойынша жыл басынан жаяу жүргіншілерге қатысты 7 мың 859 әкімшілік хаттамалар толтырыпты.