Қазақстанда алдағы уақытта бидай сорттарын паспорттау жұмысы қолға алынатын болады. Бұл туралы Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының орынбасары Қасым Мұқанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында баян етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде Оңтүстік және Орталық Қазақстанда өсіріліп, пайдаланылып жатқан сорттардың сипаттамасы толық емес. Яғни, шаруашылықтар қандай сорт егіп жатқанын, сорттардың қандай сипаттамасы барын біле бермейді. Тек құжаттар бар шығар, осындай сорттар деген (…) Сондықтан концорциум (АШМ, БҒМ және Ұлттық биотехнология орталығы мен А.И.Бараев атындағы АСҒӨО бірлескен концорциумы -авт.) аясында бірінші мақсат — қазіргі Қазақстанда өсіріліп жатқан бидайдың жаңа сорттарын паспорттау, яғни оның геномдық деңгейде сипаттамасын беру болып отыр. Осы сорт — мысалы Ақмола 2 болса — нақты сол сорт екенін дәлелдеп береміз», — дейді ол.
Қасым Мұқановтың айтуынша, басқа да көп сорттардың осындай сипаттамасын нақты беруге қол жеткізіледі. Әрбір сорттың өзінің ерекшелігі мен деңгейі болғандықтан, бұл жұмыстың маңызы жоғары. Шығымдылықты қамту үшін қандай сорттағы бидайды егіп жатқаныңды білу маңызды.
«Қазір жаңа сорттарды алу үшін бірнеше әдіс-тәсілдер қолданылады. Біріншіден, бұрыннан қалыптасып келе жатқан классикалық селекция тиімді әдістердің бірі. Бірақ, ол классикалық селекцияның бір кемшілігі — бір сортты алу үшін 10-13 жыл мерзім уақыт керек. Соңғы 20 жылда «маркерлік селекция» әдісі қолданылуда. Ол арқылы мысалы селекцияны 3-4 жылға қысқартуға болады. Ал қазіргі таңда, соңғы 5-10 жылда әлемде «геномдық селекция» деген тренд басталды. Ол яғни генетикалық және биотехнологиялық әдістерді пайдалана отырып, сортты тез арада 7-8 жылда алуға болады. Сорт алу барысында геномдық деңгейде тексеріп, дәлелдеп беру -селекционерлерге өте тиімді болар деген ойдамыз», — дейді Қасым Мұқанов.
Ол сонымен қатар, орталықтың алдағы уақыттағы өзге де жоспарларымен бөлісті.
«Арпаның жаңа сорттарын, бұршақ дақылдарын, азықтық көпжылдық дақылдарды өсіріп, жаңа сорттарын тез арада алатын мақсаттар қойылып отыр. Тағы да осындай 10-15-ке жуық алдымызда нақты мақсат бар. Осы жұмысты алдағы үш жылда Шортандыда орналасқан А.И.Бараев атындағы АСҒӨО филиалымен бірлесіп, жоспарды іске асырамыз», — деп түйді Қасым Мұқанов.