Ғ.Әбдірайымов: “«Келші, Құланға» әні менің анама арналған”

0
7

Жамбыл облыстық «АРАЙ» жастар газетінде қызықты айдарлар көп-ақ. Соның бірі – «Менің анам». Онда танымал тұлғалардың тағылымды толғаныстары  жиі жарияланып жатады. Сол қатарда Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов та жаңа қызметке тағайындалардың алдында ғана әзиз анасы туралы жан сырымен бөліскен екен.

“Тағдырдың жазғанына шара бар ма, осыдан бірер ай бұрын асыл анам өмірден озды. Аяулы жанның қырқын өткізіп, жолда келе жатқанда жүзім алабұртып, жүрегімнің дүрсүлі жиілей берді. Жабырқаулы күй кештім. Мұның сағыныш екенін сезіндім.

Иә, анаға деген сағыныш көңілді босатты. Сол сәтте ұмытылмас күндердің көріністері көз алдымнан тізбектеп өте берді”,-деп жазыпты Тараз қаласының  әкімі.

Ғалымжан Райылұлының айтуынша, әкесі де, анасы  да Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында өскен жандар.

Анам Алмагүлдің 6-7-сынып оқитын балауса кезі болса керек. Әкем таудан қызғалдақ теріп келе жатып, ауыл маңында ойнап жүрген қыздардың ішінен анама қолындағы гүл шоқтарын сыйлап кетіпті. Пешенені көрмейсіз бе, 10-11 жылдан кейін екеуі ерлі-зайыпты болып жұптасты.

Жалпы, түр-тұлғам әкеме тартқанымен, мінез-құлқым, жан дүнием анама келетін сияқты. Біздің әкеміз механизатор болған жан. Темірден түйін түйген шебер. Құрылысшы мамандығын таңдауыма да сол кісінің ықпалы мол болды.

Біздің отбасы ертеден шаруаның жайын білген жанұя. Әжеміз Арзыкүл сауыншы, елге сыйлы жан болған. Сауыншылықтың қыр-сырына анамды сол кісі баулыған. Қазіргідей техникалық игіліктер дамымаған кез. Ол кездегі сауыншылардың бейнетінің ауыр болғандығын аға буын жақсы біледі. Таңмен таласып, сиырдың желініне жармасу, темір ыдыстарды жуып, тазалау, жиналған сүтті өткізудің машақаты өз алдына бөлек әңгіме. Анам «таңның атысы, күннің батысы суықта бүрсеңдеп жүріп еңбек еткеніммен, өмірге ұрпақ әкелетін ана екенімді түйсініп, денсаулығыма қатты қарадым. Құдайға шүкір, алақандағы 5 саусақтай бітімі түзу, дені сау перзенттер сүйдім», – деп айтып отыратын”.

“Анам 17 жасында әулетке келін боп түскен кезде екі ене, бір атасы болыпты. Жардың қабағына қарап, 3 қарияға қызмет етіп, балаларға мейірімін төге жүріп, өкіметтің жұмысын атқарып, атақ-даңққа бөлену үшін қаншама қажыр-қайратты сарп етті десеңізші. Даланың данышпандарындай сол үш қарияның тәрбиесі анамды өр мінезді, намысшыл, отансүйгіш, бейнетқор етіп шығарды. Содан кейін анамның кез келген істе, әсіресе киім киюде, тамақ дайындауда, дос таңдауда да талғамы бөлек еді. Жиын-тойларда көпшілік арасында ерекше жарқырап көрінетін. Сөзді де тауып сөйлейтін. Ән салудан да, би билеуден де кенде емес-ті. Аққұба өңі, қиылған қара қасы, мөлдір қара көзі, иықтан төгілген қос бұрымы өзіне сондай жарасып тұратын”,-дейді Ғ.Әбдірайымов.

Шаһар басшысы сазгер Мэлс Өзбековтың  «Келші, Құланға» әнінің өзінің анасына арналғанын жеткізіпті.  Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевпен де бірнеше мәрте жүздесіп, құрметке бөленген.

Осы жерде бір қызық жайды айта кеткен ләзім. Талантты сазгер, жерлесіміз Мэлс Өзбеков «Келші, Құланға» әнін менің анама арнаған екен. Осыдан-ақ әуезді әннің арқауына айналған анамның сұлулығын, пайым – парасатын бағамдай беруге болатындай”.

Алмагүл Әбдірайымова 33 жыл сауыншылық қызметінде еңбекпен елдің құрметіне бөленді. Ленин, «Құрмет» белгісі» және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Бұған қоса екі шақырылым қатарынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері» атанды. Бірқатар алыс-жақын шетелдерді аралады. Коммунистік партияның Орталық комитетінің мүшесі болды. Д.А.Қонаев сынды тұғыры биік тұлғалармен кездескен сәттеріндегі фотолар үйде әлі сақтаулы. Бірде көрнекті қоғам қайраткері анама өзінің қаламсабын сыйлаған екен. Қасиеті жұқсын деді ме, ырым қылды ма анам сол бұйымды маған ұсынды. Бүгінде бұл қаламсап ең қымбат асыл жәдігер ретінде үйімнің төрінде тұр. Мұның барлығы анамның жай сауыншы ғана емес, нағыз қайраткер азамат болғанын көрсетсе керек.

Анам зейнетке шыққаннан кейін де бос отырмай ұябасар кенже баласы екеуі аталарымыздан қалған малдың тұяғын көбейтіп, оны ірі шаруа қожалығына айналдырды.

“Осы тұста анамның адамдармен тіл табысқыш қасиетін айтпай кетпеске болмас. Келіндерімен қызындай сыйласқанына ел қызығып қарайтын. Әрине, бұл татулық анамның кеңпейілді мейірімділігімен сабақтасып жататын. Отбасындағы 11 перзенттің үлкені болғандықтан ба, анамның бақилыққа аттанғанша бауырларына қамқорлық жасамаған кезі жоқ. Олардың балаларының жағдайын біліп отыратын. Қол ұшын беріп, көмектесу қажет болса, бізді де жұмылдыратын. Алайда, мемлекеттік қызметтегі шаруама араласқан емес”.

“Кей-кейде анамның аузынан естіген мына бір әңгіме ойға оралады да тұрады. Жас күнінде сырқаттанып, ауруханаға түссе керек. Сонда қазақи нақышта киінген, келбеті келіскен апамен бір бөлмеде жатыпты. Әлгі кісіге күндіз-түні көңілін сұрап келушілер легі үзілмепті. Қатар орналасқандықтан, келген жандарды «Мына балалар қызметтегі ұлымның әріптестері», «Ал, мына жора-жолдастары» деп, шетінен таныстырып, әкелген ас-дәмдерін ортаға қояды екен. Сонда анам: «Е, құдай, менің де перзенттерімді осы апаның балаларындай ел ісіне араласқан қызметкерлер қатарынан қыла гөр!» деп дұға жасапты. Арада жылдар өтіп, анам тағы ауруханаға түсіп қалды. Сонда көңілін сұрап келушілер қарасының көптігіне қуана отырып, «Тілегімнің қабыл болғанын-ай» дегені бар-ды. Перзент үшін ата-ананың өзіне қарап сүйсінгенінен артық бақыт бар ма, сірә.

Бала үшін ата-ананың айтқаны – заң. Өмір жолымда асыл анамның айтқанын екі еткізген немесе теріс қылықтармен көңіліне қаяу түсірген кезім болған жоқ. Бірде-бір өтінішін аяқсыз қалдырған емеспін. Маған сондай мейіріммен тәрбие берген анама шексіз қарыздармын”,-деп ағынан жарылыпты  Ғалымжан Әбдірайымов.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here