Тұрақты жұмыспен қамту — халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі

0 47

Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу болып табылады. Тұрақты жұмыспен лайықты қамтуды қамтамасыз ету – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, адам ресурстары әлеуетін дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты құралы.

Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Елдос Кенесбековтің айтуынша, жұмыспен қамтудың мемлекеттік қызметі халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешуді, үйлестіруді, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал етуге, олардың кәсіби даярлығын ұйымдастыру және жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған ерекше мемлекеттік органдардың құрылымы болып табылады.

Осы тұрғыдан алғанда халықтың табысты да тұрақты жұмыспен көбірек қамтылуы қоғам орнықтылығының аса маңызды шарттарының бірі болып есептеледі, мұның өзі елдегі экономикалық және әлеуметтік ахуалға айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді. Әр адамның әл-ауқатын арттыруда атқаратын аса маңызды рөлі туралы айтылғанның өзінде, жұмыспен қамту кәсіптік машықтарды кеңейтіп, ұштай түсуге мүмкіндік береді, халықтың барлық санаттарының өзін-өзі көрсете білуіне жол ашады және түптеп келгенде өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді, яғни көптеген неғұрлым ауқымды міндеттерді шешудің кепілі болып табылады.

Атап айтатын болсақ, Тараз қаласында 2017 жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа орналастыру үлесі 1362  азамат болса, жыл қорытындысымен 5097 жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналасты немесе 374 %. Бағдарламаға қатысатын азаматтарға қолдау көрсету бойынша барлық деңгейдегі әкімдіктермен белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бағдарлама еңбекке орналастырудың бірқатар маңызды міндеттерін шешуге бағытталып отыр. Оның мәні қарапайым әрі түсінікті: тұрақты әрі өнімді жұмыспен қамту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Ол жұмыссыздарға және аз қамтылған қазақстандықтарға бағытталып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.