Жамбыл облысында құрылыс саласындағы талап күшейеді

0 7

Жамбыл облысында құрылыс саласындағы талап күшейеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақтағы құрылыс саласына жауаптылардың басын қосқан семинар кеңес кезінде айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.

Атап айтар болсақ, мектептер, тұрғын үйлер мен емдеу мекемелері ғимараттары мықты әрі қауіпсіз болу қажет. Алайда, біліктілігі төмен компаниялар мен тапсырыс берушілердің салғырттығынан талай құрылыс сапасыз салынатыны жасырын емес. Оған дәлел, жыл басынан бері өңірдегі 3 жоба мемлекеттік сараптамадан өтпей қалған болатын.

Құрылыстың қыр-сырын білмейтін компанияларға шектеу қойып, заң аясында шара қолдану керек. Осылай деген облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев басқармалар мен аудан әкімдігінің жауапты тұлғаларының жұмысын жүйелендіру керектігін атап өтті.

Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары: 

— Бірде-бір басқарма, бірде-бір аудан ұсыныс берген жоқ. Ол дегеніміз қаралып жатқан жоқ деген сөз. Ертең жұмыс істейтін сіздер. Сондықтан, қарау керек. Қолданыстағы нормативтік актілерге байланысты бердік.

Қазіргі уақытта аймақ басшысының бастамасымен құрылыс нысандарына бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бір ғана мысал, облыс орталығында салынып жатқан тұрғын-үйлердің сапасы барлық талапқа сай деп айтуға болады.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қазір аталған мемлекеттік жобамен 4 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған ұлттық қордан 1,6 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, Тараз қаласында жаңа 14-15 мөлтек аудандары бой көтереді. Бұл мақсатта 462 гектар жер телімі бөлініп, инженерлік жүйелері тартылып жатыр. Бұдан бөлек 900-ден астам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері қарастырылып отыр.

Нұрбол Қалдыбаев, облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

 — Биылғы жылы құрылысы басталған 4 үйдің үшеуі биылғы жылы бітеді. Жылдың аяғына дейін тапсырамыз. Сонымен қатар Тараз қаласы «Бәйтерек» мөлтек ауданында бір 100 пәтерлік және бір 60 пәтерлік үйдің жобасы дайындалып, бюджетке өтінім берілді. Қаражат 2018 жылы бөлінеді. Құрылысы 2018 жылы басталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.