Шу ауданына қарасты Балуан Шолақ ауылында ауыл тұрғындары үшін жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Енді ауылдың балалары мен жастары заманауи футбол алаңында спортпен шұғылданып, Street Workout кешенінде жаттығып, арнайы жүгіру жолағында жеңіл атлетикамен айналыса алады.
Жаңа нысанның бой көтеруіне Балуан Шолақ ауылдық округінің «Үлгілі ауыл» байқауындағы жеңісі негіз болды. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді абаттандыру, қоғамдық тәртіпті нығайту, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру жөніндегі бастамаларымен үндеседі. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Жамбыл облысында қолға алынған «Үлгілі ауыл» жобасы елді мекендердің сыртқы келбетімен қатар, қоғамдық тәртіп, тұрғындардың ауызбіршілігі мен азаматтық белсенділігін бағалауға бағытталған.
Былтыр Балуан Шолақ ауылдық округі аталған байқауға қатысып, тазалығы мен көріктілігі, қоғамдық тәртібі және тұрғындардың белсенділігі жоғары елді мекен ретінде танылды. Ауылда үш жылға жуық уақыт бойы қылмыстық оқиғалардың тіркелмеуі де қоғамдық тәртіптің сақталуы мен тұрғындардың өзара жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетті. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Балуан Шолақ ауылдық округі «Үлгілі ауыл» байқауының бас жүлдесін иеленді.
Байқау талаптарына сәйкес бас жүлде иегеріне облыстық бюджеттен 50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Аталған қаражатқа ауылда заманауи футбол алаңы мен Street Workout спорт кешені салынды. Сонымен қатар тұрғындардың дене шынықтырумен және жеңіл атлетикамен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жүгіру жолағы қарастырылды.