Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес бұрынғы Шахристан базары аумағы мәдени – демалыс орталығына айналмақ. Бұл туралы «ZhambylNews» AA хабарлайды.
200 гектардан астам аумақты алып жатқан Шахристан кешенінде көркем сурет галереясы, музей, көрме және руханият орталығы, қолөнер шеберханасы, мейрамхана сонымен қатар амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты бірнеше нысан бой көтереді.
Сондай-ақ, облыс, қала әкімдік маңайы да түрленетін болады. Бұрынғы субұрқақтар орнына түрлі-түсті әуен ырғағына сай қозғалатын жаңа тұрпаттағы фонтандар іске қосылады. Құрылыс жұмыстары маусым айында бастау алып, қыркүйекте тамаша тарту болмақ.
Қазіргі уақытта облыстық архитектуралық бюро эскиздік жобаларды әзірлеуге кіріскен. Көне шаһардың мазмұнына мән, көркіне сән беретін жаңашыл жобалар жалғасатын болады.