Шу ауданында Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай этнофестиваль өтті

0 9

Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде Шу ауданы, Төле би ауылында орналасқан Даңқ аллеясында Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай «Ата-бабам – салт-дәстүрім» атты этнофестиваль өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

«Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалия Әбітаеваның ұйымдастыруымен өткен аталмыш фестивальге «Насими» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы, «Славяне» орыс этномәдени орталығы, «Навроз» күрді ұлттық-мәдени орталығы, «Қазақ» мәдени орталығы, Шу ауданы және Шу қаласы іскер әйелдер кеңесі мен «Компания «Мар-Нұр» ЖШС-і қатысты.

Республика аумағында қолданылатын тілдерге деген құрметті арттырып, ана тіліміздің мәртебесін паш ету мақсатында өткен фестивальге Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, аудан әкімдігі ішікі саясат бөлімінің басшысы Ермаханбет Юлдашбаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева қонақ ретінде шақырылып, фестивальге қатысушыларды тіл мерекесімен құттықтады.

Сондай-ақ, осы фестивальді ұйымдастырушы Ғалия Әбітаева да қатысушыларды шын жүректен құттықтап, ақжарма тілегін айтты. Ол өз сөзінде тілдің қоғамдағы орнын ерекше атап өтіп, шараның өтуіне өз үлесін қосқан аудан әкімі Қайрат Досаевқа зор алғысын білдірді.

Сайыс ретінде өткен фестиваль барысында аудандағы қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар қазақтың ұлттық ойындарынан сынға түсіп, озық салт-дәстүрінің үлгісі саналатын «Қыз ұзату», «Тұсау кесер» сияқты рәсімдерден көріністер көрсетті.

Сонымен қатар, қатысушылар патриоттық әндер шырқап, түрлі ұлттық аспаптармен музыкалық компазициялар орындады. Өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінде әндер шырқап, қазақтың ұлттық билерін биледі.

Фестивальге қатысушы әр ұйым қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, жиналған жұртшылыққа ұсынды.

Фестиваль соңында сайыстарға белсене атсалысқан ұйымдар ұйымдастырушылар ұсынған қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.