Шу ауданында алғаш рет тұшпара шығаратын цех ашылды

0 2

Шу ауданында алғаш рет Көктөбе ауылынан тұшпара шығаратын жаңа цех ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

«Дастан» деп аталатын тұшпара цехының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков арнайы келіп, лентасын қиып, кәсікердің жұмысына сәттілік тіледі.

Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара дайындайды. Көктөбе ауылының тұрғыны Берік Орманбековтың «Орманбеков» жеке кәсіпкерлігі мұндағы өнімді тек сиыр етінен әзірлейді екен.

Қазіргі таңда Шу ауданындағы дүкен сөрелерінен «Дастан» атауындағы тұшпара өнімін жиі кездестіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, өтімді тауар тәрізді, сөрелерде көп тұрақтамайтын көрінеді. Өйткені, аталмыш цехтың өнімін тек көктөбеліктер ғана емес, ауданнан шалғай орналасқан Шоқпар, Далақайнар секілді ауылдық округтің тұрғындары да көптеп тұтынады екен.

Көбіне-көп басқа жақтан келген тағамдардың құрамына күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Оған қоса, Шу ауданы облысымыздағы ең үлкен аудандардың қатарына кіреді. Сондықтан, өнімнің өтімділігі де жоғары болмақ. Осындай жайттардың бәрін ойластыра келе, тұшпара цехын ашуды жоспарлап, енді міне өз күшімізбен межелі мақсатымызға да қол жеткізіп отырмыз. Біздің өнімдеріміз бүгінгі таңда «Дастан» атауымен аудандағы Шу қаласы мен барлық ауылдық округтердегі дүкендерде сатылуда. Ойлағанымыздай-ақ, өнімге деген сұраныс өте жоғары. Тіпті, үлгермей жататын кездер де болады.
Әзірге цехта алты адам жұмыс істейді. Олардың барлығы да жергілікті жердің тұрғындары. Сәтін салып, мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, өндіріске қажетті қосымша құрылғылар алып, цехтың өндірістік қуатын ұлғайтуды көздеп отырмыз, — дейді Берік Рысқұлбекұлы.

Шаруасын шырқ үйірген іскер азамат қазір тек тұшпара цехын ғана емес, сонымен қатар ауылдағы «Ақ жол» асханасын да басқарады. Әлбетте, жұмыстың жеңілі болмайды. Ал, өз тұтынушыларымен қоян-қолтық жұмыс істей білетін көктөбелік кәсіпкер бұндай жетістікке өзінің табандылығының және өнімдерінің сапасы арқылы ғана қол жеткізіп келеді.

Сондай-ақ, өз отбасының әлеуметтік жағдайын түзеумен қатар, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. «Дастан» цехы тек Шу ауданын ғана емес, өңіріміздің өзге де аймақтарын сапалы өнімімен қамтамасыз ететіндігіне сенім мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.