Облыста әскери тәрбиеге 500 жасөспірім тартылған

0 6

Бүгінде Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінде 20 әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелер жұмыс атқаруда, онда 500 жасөспірім тәлім алады. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Әскери-патриоттық клубтарда 5-9 сынып оқушыларынан құрылған клуб кеңесі бар. Онда болашақ ұжымдық және әскери-патриоттық жобалар дайындалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Клубта «Жас мерген», «Жас десантшы» сияқты үйірмелер мен топтар, «Әскери білім тарихы», «Әскери іс», «Жас ұландарды дайындау», мергендер үйірмесі, каратэ, күрес секциялары сынды әскери қолданбалы және спорттық секциялар жұмыс жасайды.

Облыс бойынша әскери-патриоттық клубтар арасында автоматты шашып жинау, көздеп ату жарысы, гранат лақтыру, кедергілерден газға қарсы маскасымен өту, саптық даярлық сынды түрлі зияткерлік ойындар, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар жүйелі түрде өткізілуде.

Осындай әскери-патриоттық спорттық үйірмелердің қатарындағы «Десантник» үйірмесін ерекше атап өтуге болады. Аталған үйірме 1987 жылдың қаңтарында Тараз қаласының №7 орта мектебінде құрылып, 1994 жылы қалалық білім бөлімінің қолдауымен, №41 орта мектептің гимназия болуына байланысты, үйірме гимназияның базасына ауыстырылды.

Аталған клубтардың тәрбиеленушілері өз өмірін армиямен байланыстырады. 24 жыл ішінде үйірмеде білім алған 1400 оқушының бірқатары Ресей Федерациясының жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Атап айтсақ, Алматы жаяу әскер әскери институтында, Алматы ҰҚК шекаралық әскері әскери институтында, Алматы радиоэлектроника әскери институтында және Ақтөбе әуе күштері қорғанысы әскери институтында, сонымен қатар, Тверь әскери-ғарыш күштері академиясы, С.Петербург әскери-медициналық академиясы сынды білім ордалардында білімдерін жетілдіруде. Сондай-ақ, ҚР Қарулы күштерінде «Десантник» үйірмесінің үш жүзден аса түлегі қызмет етуде.

Бүгінде спорттық үйірмеде 75 курсант тәрбиеленуде. Курсанттарды даярлауға арналған бағдарламада: жалпы физиологиялық дайындық, саптық дайындық, мемлекеттік-құқықтық дайындық, тактикалық дайындық, атыстық дайындық, әскери-медициналық дайындық, әскери-инженерлік дайындық, әскери топография, ҚР ӘК жарғылары негізге алынды.

Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарда «Оқушылар мен жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені, оның ішінде «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының өңірлік филиалдарын құру арқылы күшейту» тармағы көзделген. Осыған байланысты, білім беру мекемелерінде әскери-патриоттық клубтар, әскери-спорттық үйірмелерін ашу және оларды ұйымдастыру жұмыстары өз жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.