Қордай ауданында 50 орындық балабақша бой көтерді

0 12

Бүгін Қордай ауданы Қордай ауылында «Балалық базары» жекеменшік балабақшасы ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» АА хабарлайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасы елімізде кеңінен жүзеге асырылып, қарқынды түрде жұмысын жалғастырып келеді. Бағдарламаның нәтижесінде, кезекте тұрған балақайлар саны азайып, керісінше балабақшалар артуда. Соның бір дәлелі бүгін тұсауы кесілген «Балалық базары» жекеменшік балабақшасы. Жобаның құны — 30 млн.теңге.

Балабақшаның ашылуына арнайы аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сағатов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Қарамолдаева және Қордай ауданының құрметті азаматы Тұрсын Қалығұлов қатысты.

Құттықтау сөз кезегін алған ауданның құрметті азаматы Тұрсын Қалығұлов аталмыш нысанның ашылуымен құттықтап, батасын берді. Келесі кезекте сөз алған аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы  Баян Қарамолдаева әуелі жиылған жұртты ҚР тұңғыш президенті күні мерекесімен құттықтады. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаны тілге тиек еткен Баян Нәзікеқызы бағдарлама арқылы ауданда жүріп жатқан жұмыстар жайына тоқталып өтті. Алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тілеп, барша ата-аналарды да жаңа балабақшамен құттықтады.

Зәулім ғимараттың лентасын Баян Қарамолдаева мен Тұрсын Қалығұлов кесіп, салтанатты түрде есігін айқара ашты. Екі қабатты сарайда әр топтың бөлмелері қарастырылып, ойын залы да қолға алынған. Балалар үшін тағам даярлайтын асхананың да тазалығы санитарлыққа сай. Тек тәрбиеленіп қана қоймай мұнда бүлдіршіндерге үш тілде сабақ өткізіледі.

Сондай-ақ, музыка пәнімен қоса жуырда аспап үйірмелері де іске қосылатын көрінеді. Үш тілдіктен өзге ата-аналар қалауымен француз және түрік тілдері де үйретілетін болады дейді балабақша басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі,7-і жекеменшік балабақша.

Leave A Reply

Your email address will not be published.