Қордайлық балғындар үшін жаңа балабақша ашылды

0 4

Мереке қарсаңында қордайлық бүлдіршіндер де қуанышқа кенелді. Аудан орталығында «Нұрсила әже» бөбекжайы пайдалануға берілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

ҚР Тәуелсіздік күніне орай қолданысқа тапсырылған балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сахатов және Қордай ауданының Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай мен Ақлима Қабылбаева қатысып, жылы лебіздерін білдірді.  Қос қабатты зәулім ғимарат алыстан менмұндалап, жарқын түсімен көз тартады. Ашылу салтанатына жиылған қалың жұрттың қуанышында шек жоқ. Бірі баласын, енді бірі немересін жетектеп келген.

– Бал тілді баланың былдыр тілі мен шат күлкісінен асқан шаттық барма. Бүгінде еліміз көркейіп, гүлденіп, озық елдердің арасынан ойып орын алды. Сол мемлекетіміздің болашақта тұтқасын ұстайтын осы жандар. Мемлекет бүгінде ертеңін ойлап осылардың барлық жағдайын жасауда, – дейді тұрғындар.

Жаңа балабақша табалдырығын аттаған балақайлар да мәз-мейрам. Жетпіс бес орынға арналған ғимаратта тәрбиеленушілер үшін жағдайдың барлығы жасалған. Мұнда да үш тілде сабақ өткізіледі. Музыкаға, биге, спортқа әуістігі бар балалар үшін де керектінің барлығы қарастырылып, арнайы хореограф пен жаттықтырушы қызмет етеді. Жаңа ашылған орынмен құттықтай келген қонақтарға бүлдіршіндер өлеңдерін айтып, ән салып, би билеп, көңілдерін көтерді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.