Талас ауданында тарифтер тұрақты бақылауда

0 9

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсенбаев пен осы департаменттің бірқатар бөлім басшылары Қаратау қаласында болып, қала бойынша жылу энергиясы, ыстық және суық сумен, сондай-ақ кәріз жүйесімен қамтамасыз етіп отырған «Игілік» көпсалалы кәсіпорнында болды. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге, табиғи монополиялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің тұтынушылар қаражатын пайдалануын бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар кешенін қабылдау бойынша 5 тармақты және осы жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінде Елбасы берген тапсырмаларды іске асыру мақсатында арнайы келген департамент өкілдерін «Игілік» кәсіпорнының директоры Рашид Мәдібекұлы Сейдалиев қарсы алып, мекеме жұмысымен таныстырды.

— 1976 жылдан бері жұмыс істеп жатқан 2 бу және 2 су ысыту қазандығы тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Қаратау қаласы бойынша 138 көпқабатты және 23 жеке тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсетеді. Қаланы ауыз сумен «Тамды» және «Көктал» тоғандары қамтамасыз етіп отыр, — деген Рашид Мәдібекұлы «Тамды» су тоғанының өнімділігі секундына 216 литр екенін, ал «Көкталдың» өнімділігі секундына 190 литр екенін түсіндіріп:

— Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың хаттамалық тапсырмасы­ның 7- тармағының 3-тармақшасын орындау мақсатында және облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының 2017 жылғы 19 маусымдағы №7-1703 және осы жылғы 21 шілдедегі №7-2047 хаттарына сәйкес кәсіпорынының жылу энергиясы тарифтеріне отын шығынын кезең-кезеңмен енгізу, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және тарифтердің шекті деңгейін, сондай-ақ тарифтік сметаларды төтенше реттеуші шара ретінде қарау үшін облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне ұсыну жұмыстарын бастауды тапсырған.

Осы хаттама мен хаттарды басшылыққа ала отырып, аталмыш департаментке тарифтік сметаларды төтенше реттеуші шара ретінде отын шығынын кезең-кезеңмен 30 пайыздық шығын етіп енгізілу ұсынылды. Осы департаменттің №124-НҚ Бұйрығымен тарифтердің шекті деңгейі бекітілді. Біз қазіргі таңда тарифті 5,7 пайызға төмендеттік.

Тағы бір айта кететін жәйт, 2018 жылдың 1-тоқсанына бюджет қаражаты есебінен отын шығынына 65,0 миллион теңге субсидия бөлініп, ол толықтай игерілді, — деді.

Бұдан әрі облыстық департамент өкілдері су және жылу беру және қазандық жұмыстарын көріп, Рашид Сейдалиев жұмыс барысымен толықтай таныстырып отырды.

Қамысбай Сауқымов, «Талас тынысы»

Leave A Reply

Your email address will not be published.