Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжаттар қабылдау басталды

0 1

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжаттар қабылдау басталды. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Зияткерлік мектептің директоры Талғат Байназаров, директордың оқу ісі бойынша орынбасары Назиля Тұрмаханбетова, мектеп оқушысының ата-анасы Гүлмира Дайрабаеваның қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Агенттігі.

Талғат Бейсембекұлының айтуынша, Зияткерлік мектептер бастауыш мектеп (оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту), негізгі мектеп және жоғары мектеп деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады.

Бүгінде заманауи кітапханалардың жаңғыруының жағдайында оқушылардың оқу және функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыру мақсатында Зияткерлік мектептерде «Let’s read», «Книга  покоряет  мир», «Reading  time» , «1,2,3», «Зияткерлік мектептер оқушыларының оқуына ұсынылатын 100 кітап»,  «READx» жобалары жүзеге асады.

 Жыл сайын Тұңғыш Президент күніне орай барлық Зияткерлік мектептерде бір мезетте «Bookcrossing» акциясы өткізіледі. Оның барысында оқушылар мен қызметкерлер қалалық және ауылдық жалпы білім беретін мектептерге кітаптар сыйлайды. 2012-2018 жылдар аралығында 120 мектепке 31 мыңнан астам кітаптар сыйланды.

Назарбаев Зияткерлік мектептердің педагог-кітапханашыларына интерактивті оқу сабақтары жүргізіледі. Мақсаты: тілдік шеберлікті, өз ойын жеткізе білуді, сөйлеу дағдысын қалыптастыру, тілдік қорды кеңейту. Сонымен бірге, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2019-2020 оқу жылына Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында білім алу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөнінде конкурс жариялайды.

Талапкерлердің құжаттары 2018 жылдың 26 қарашасынан 2019 жылдың 19 қаңтарына дейін Тараз қаласы, Домалақ ана көшесі, 266 мекен-жайы бойынша қабылданады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан бойынша 20 НЗМ бар. Бұл мектептерді ашылған жылдан бастап 8 мыңға жуық түлек тәмамдаған. Қазіргі таңда 14 мыңнан астам оқушы зияткерлік мектептерде білім алып жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.